Жексенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Пиоңяң (Пхеньян) қаласында Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унмен (Ким Чен Ын / Kim Jong Un) келіссөз өткізді. Помпео кездесуден кейінгі ресми мәлімдемесінде КХДР басшысының  халықаралық бақылаушылар тобының еліне келіп, ядролық қару мен сынақтар туралы тексеруін қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Халықаралық инспекторлардың бақылауын жүзеге асыру бұған дейін Солтүстік Кореямен диалог өткізу барысындағы ең қиын мәселенің бірі болып келген еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, тараптар нақты келісімдерді жасасып болғаннан кейін, халықаралық инспекторлар тобы Солтүстік Кореядағы ядролық және баллистикалық зымыран сынақ алаңдарына бара алады.

Помпео және АҚШ пен КХДР басшыларының екінші саммиті де көп ұзамай жүзеге асатынын айтты. Естеріңізде болса, қыркүйек айының бас шенінде Ким Жоң Ун Трампқа хат жолдап, екінші рет кездесу туралы ұсыныс еткен еді. Ал олардың алғашқы кездесуі маусым айында Сингапурда болған еді.

Солтүстік Кореяның ресми ақпарат агенттігі бүгін таңертең таратқан хабарларында КХДР басшысы мен АҚШ мемлекеттік хатшысы арасындағы келіссөзді «тиімді әрі жоғары деңгейдегі келіссөз болды»  деп бағалаған. Тіпті Солтүстік Кореяның ресми ақпарат құралдары осыған дейінгі Құрама Штатпен болған келіссөздер мен кездесулер туралы мұндай жылы лебіз танытпаған болатын.

Сонымен, осы мәліметтермен-ақ, Помпеоның Солтүстік Кореяға төртінші реткі сапары аса табысты деңгейде аяқталды деуге болады. Алайда, АҚШ өзінің дегеніне толықтай жету үшін әлі де көптеген келісімдер жүргізіліп, қыруар жұмыстар атқарылуы керек.

Айта кетейік, Помпео бүгін Бейжіңде Қытай үкіметінің жоғары лауазымдыларымен кездеседі. Кездесуде екі ел арасындағы шиеленісті жеңілдетудің жолдары қарастырылады деп күтілуде.

“The Qazaq Times”