Мұнай бағасының өсуі кімге тиімді, кімге тиімсіз?

Жыл басынан бері әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы 27 пайызға өсті. Қазан айының 2-і күні Brent-тің бір бареллі 85 доллардан асты. Бұл 2014 жылдан бері болмаған көрсеткіш. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуі АҚШ-тың Иранға салған санкциялары мен Кувейттің Америкаға мұнай тасымалын тоқтатуына тікелей байланысты.

Мұнай бағасының өсуі кімдерге тиімсіз?

Бірінші кезекте мұнай бағасының қымбаттауынан қара алтынды импорттаушы елдер зардап шегеді. Қазіргі таңда олардың көшін Еуроодақ  елдерінен кейін Қытай, Үндістан, Түркия, Мысыр және Украина елдері бастап тұр. Болжам бойынша, егер мұнай бағасы алдағы уақытта бір бареллі 100 долларға жететін болса, онда жоғарыда аталған елдердің экономикасына айтарлықтай салмақ түседі.

Қара алтынның қымбаттауынан кімдер пайда табады?

Мұнай бағасының қымбаттауынан бірінші кезекте ұлттық экономикалары «қара алтын инесінде» отырған Қазақастан, Ресей және Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттер ұтады. Егер алдағы уақытта Brent маркасының бір бареллі 100 долларға жететін болса, Қазақстан сияқты елдер бюджеттің жыртық-тесіктерін осының есебінен жамайды және мемлекеттік шығындарды екі-үш есеге көбейтуге мүмкіндік алады. Ал бұл дегеніміз елге инвестиция тартуға үлкен септігін тигізеді.

Қара алтын қымбаттауының кері әсері қандай?

Мұнайдың қымбаттауы бірінші кезекте инфляцияның өсуіне алып келеді. Себебі қара алтынмен бірге бензин, керасин, дизель сияқты мұнай өнімдерінің де бағасы шарықтайды. Ал ол өз кезегінде сырттан келетін киім-кешек, азық-түлік, жеміс-жидек сияқты күнделікті өмірге қажеттік тауарлардың қымбаттауына алып келіп соғады. Инфляцияның өсуі аналып келгенде теңге сияқты кез келген мемлекеттің ұлттық валютасының әлсіреуіне әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда мұнай бағасының өсуінен анау айтқандай пайда табатын мемлекет жоқ. Барлығы белгілі бір дәрежеде шығынға ұшырайды.

"The Qazaq Times"