Кеше кеште, АҚШ-тың жергілікті уақытымен 4 қазан күні түстен бұрын вице-президент Майк Пенс Трамп үкіметінің екі жылдан бергі Қытайға бағытталған саясаты жөніндегі ең көлемді баяндаманы жасады.
Гудзон институтында жасалған баяндамасында Майк Пенс Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі милитаризациясын қатаң сынға алып, Тайваньның сыртқы сауда және инвестиция саясатына тосқауыл жасап, саяси қысым көрсетіп отыр деп айыптады. Бұдан тыс ел азаматтарына қысым түсіріп, жүріс-тұрысын бақылауды күшейтіп, құқықтарына қол сұғып отырғанын және АҚШ-тың демократиялық жүйесіне араласып отырғанына қатаң наразылық танытты.
Ол сөзінде АҚШ-тың барлау агенттіктерінің тексеру нәтижесіне сәйкес Қытайдың АҚШ-тағы демократиялық жүйеге, сайлауға араласу әрекеттерін дәлелдейтін нақты құжаттардың бар екенін атап өтті.
АҚШ вице-президентінің мәлімдемесінен кейін, Бейжің тарабы бүгін таңертең қарсы мәлімдеме жасап, Уашингтонның сынын жоққа шығарды. Қытай СІМ-нің ресми өкілі Хуа Чүниың арнайы баспасөз жиынында Майк Пенкстің Қытайдың ішкі және сыртқы саясаттары туралы айтқан барлық айыптаулары негізсіз деп көрсетті.
Майк Пенстің Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытайдың әскери әрекеттері туралы айыптауына жауап ретінде, Хуа Чүниың: «Қытай әрдайым жаһандық бейбітшілік пен дамуды және халықаралық құқықтарды қорғаушы ел», – деген сөздермен жауап берді.
АҚШ вице-президенті сөзінің соңында: «Құрама Штат Бейжіңмен қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз ету үшін конструктивті қарым-қатынас орнатуға үміткер. Бірақ, Қытаймен қарым-қатынасымыз әділдікке негізделген, бір-бірінің егемендігіне, құндылықтарына деген өзара құрмет болмаса біз бұл қадамды жасай алмаймыз», – деді.
Қазір АҚШ пен Қытай қатынасы барған сайын шиеленісе түсуде. Майк Пенстің мәлімедемсінен бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпеоның Шығыс Азия елдерінің астаналарына барып, үкімет басшыларымен өңірлік және жаһандық проблемаларды талқылайтыны хабарланған болатын. Бүгін таңертеңгі мәлімдемеде Қытай СІМ өкілі Помпеоның бұл реткі сапары туралы да айтып өтті.
Сарапшылардың пікірінше, Помпео сапары барысында қос тараптарда шиеленісті жеңілдетуге тырысатын болады. Помпео сапары АҚШ-Қытай арасындағы шиеленісті шешу жолдарын қарастырудың бір реткі орайы болмақ. Алайда, Помпеоның Бейжің сапары екі ел арасындағы барлық мәселелерді түбегейлі жақсарта алмайды деп қарайды.