АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің барлау және қорғаныс саласымен жұмыс істейтін 33 заңды және жеке тұлғаларға санкция енгізді. Бұл туралы «yeniakit.com.tr» АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Науэрттің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, санкцияға ұшыраған тұлғалар мен ұйымдар Ресей Федерациясы үкіметінің қорғаныс және барлау салаларының атынан немесе солардың мүддесі үшін қызмет етуші болып табылады. Сонымен қатар, Мемдепартаменттің шешімімен олармен қандай да бір келісімшарт жасауға тыйым салынады. Осы тыйымды бұзған тұлғаға да санкция салынады. Санкцияға ұшыраған тізімнің арасына «ЧВК Вагнера» (ЧВК – жекеменшік әскери компания, «Вагнер» жасағы), авиазауыт, интернет-зертету агенттігі, «Concord Management and Consulting» және «Concord Catering» ЖШС, Евгений Пригожин (БАҚ тарапынан РФ Владимир Путиннің «аспазы» деген атауға ие ресейлік олигарх) бастаған жеке тұлғалар да бар. Одан бөлек, АҚШ Ресейдің «Рособоронэкспорт» мемлекеттік ұйымымен ірі келісімшарт жасасқандары үшін Қытайдың Орталық әскери комиссиясының жанындағы қару-жарақ өңдеу Бөлімі мен оның директоры Ли Шанфаға қарсы да санкция салды. Мемдепартамент өкілінің мәлімдемесінде Ресейге қарсы санкциялардың АҚШ президенті Дональд Трамп кеше ғана қол қойған жарлықтың негізінде енгізілгені хабарланды.