Идлиб провинциясында жағдай мәз емес. Жақында осы мәселеге қатысты Түркия, Ресей және Иран басшыларымен Сүриядағы жағдайды тұрақтандыруға негізделген үш мемлекеттің жеке саммиті өткен болатын. Бұл кездесуде Идлиб аймағында химиялық шабуылды болдырмау мәселесі қаралды.

2017 жылы Идлиб провинциясында төртінші деэскалация аймағы құрылған. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, бұл жерде «Джебхат ан-Нусра» мен «әл-Каида» террорлық ұйымының шамамен 10 мыңға жуық әскерлері бар. Сол кезден бері аймақтың хал-ахуалы қыл үстінде тұр. Үштік саммит нәтижесінде Түркия ондағы қарулы қатығысты доғаруды ұсынды. Ал Путин Башар Асад Идлибті өз иелігіне қайтаруға құқылы деген мәлімдеме жасады. Бірақ, саммиттің қорытындысына БҰҰ-ның көңілі толған жоқ. Олар әр ел өз ұстанымынан қайтпаса, «XXI ғасырдағы ең ауқымды гуманитарлық апат» болуы мүмкін деген болжам жасады.

Аталған мәселеге қатысты АҚШ, Ұлыбритания және Франция әкімшіліктері де өз мәлімдемелерін жасады. Егер Дамаск Идлиб аймағында үшінші рет химиялық қару қолданатын болса, барынша қатаң жауап беретін боламыз деп ескертті. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі Джон Болтон Құрама Штаттары жергілікті бейбіт тұрғындарды заңсыз сот үкімінен қорғап қалу үшін қолдан келгенін жасайтынын айтты.

Плюрализм: президенттер пікірі

Бұл тақырыпқа қатысты Ақ үй басшысы Дональд Трамп өзінің твиттердегі парақшасында: «Бұл адам шығынын әкелетін үлкен трагедияға апарады. Ресей мен Ирак гуманитарлық қателік жасайды. Бұны болдырмау керек!» – деп жазды.
Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «The Wall Street Journal» америкалық газетіне: «Сүрия билігі президент Башар Асадпен бірге «Терроризді жоямыз» деген жалған ұранмен Идлибке ауқымды шабуыл жасамақшы», – деп жазған. Сондай-ақ, ол Башар Асад өз жақтастарымен Идлибті басып алуы мүмкін деді.

Алдағы уақытта Сүрияның солтүстік-батысындағы күрделі жағдай одан әрі ушығуы мүмкін. Идлиб маңындағы 2,9 млн адамның өміріне қауіп төніп тұрғаны белгілі болды. Демек, Сүриядағы соңғы оқиғалар бейбіт халықтың өміріне кері ықпалын тигізбек.

Түйін

Мәліметтер бойынша, Америка 2001 жылдан бері әскери операцияларды жүргізуге барлығы 1 мың 501 трлн доллар салған. Оның 731 млрд доллары Ирак, 585 млрд доллары Ауғанстан және 23 млрд доллардан астамы Сүрияға бөлінген. Мұндай шығындардан соң АҚШ пен өзге де мемлекеттер айтқан ескертудің жай сөз емес екенін Башар Асад түсінуі тиіс.

Бұған дейінгі жағдайлар мен бүгінгі күннің мәселесін салыстырсақ, Идлибтегі жағдайдың қашан тұрақтанатыны уақыт еншісінде. «Аққу, шортан һәм шаянның» кебін киіп отырған елдер өз ұстанымынан қайтпаса, саммиттің де, басқа келісімдердің де нәтиже беруі екіталай.

"The Qazaq Times"