Бүгін, 8-қыркүйекте Алматы қаласында қала әкімдігі мен «BAURZHAN Foundation» қоғамдық қайырымдылық қорының мұрындық болуымен «KITAР FEST – 2018» Халықаралық кітап фестивалі өтуде.
"Жылда өткізілетін осы мереке биыл 5-рет ұйымдастырылуда. Бастапқыда кішігірім кітап алмасу ретінде басталған бұл көрменің қазір өздеріңіз де көріп тұрғандай, ауқымы кеңеюде. Биыл тек кітап алмасу ғана емес, кітап жәрмеңкесі де өтуде. Оған 30-дан астам кітап дүкендері мен кітап баспалары өздерінің кітаптарын қала тұрғындарына ұсынуда. Біздің осы жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз — қазақстандық жазушылар мен баспагерлерді қолдау, қала тұрғындарының кітапқа деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын ояту, адамдар арасында кітап оқу мәдениетін дамытып, отандық жазушылар мен оқырмандардың басын қосу. Осы жылы «BAURZHAN Foundation» қоғамдық қайырымдылық қоры мен «Меломан» кітап дүкені бірлесіп, кітабы көп сатылымға ие болған қазақстандық жазушының кітабын таңдамақ. Біздің таңдауымызға іліккен, яғни кітабы өте көп сатылған ақын немесе жазушы келесі жылы «Меломан» кітап дүкенінің қолдауымен кітабын тегін шығару құқығына ие болады", - дейді «KITAР FEST – 2018» фестивальінің бас жетекшісі Майра Альжанова.
Фестиваль өткізілетін орында бірнеше шатыр тігілген. Олардың әрқайсысында өзіндік шаралар өтуде. Мәселен, жазушыларға арналған шатырда қазақстандық жазушылар өздерінің 2017-2018 жылдары жарық көрген кітаптарымен таныстырды. Онда Арман Әлмембет, Алмаз Шарман, Наталья Махно, Хаким Булибеков, Олег Червинский сынды жазушылар сөз алып, оқырмандар сұрағына жауап берді. Сонымен қатар, блогерлер шатырында Айдос Сарым, Диана Снегина, Айна Досмахамбетқызы, Марина Шарипова, Айсана Әшім сияқты елімізге танымал қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер оқырмандармен кітапқа байланысты қызықты ойларын бөлісті.
Осы кітап жәрмеңкесінің дәстүрлі шарасы аясында кітапсүйер қауым «Кітап алмасу» бағдарламасы арқылы өздерінің кітапханаларын түрлендіре алады. Яғни, оқырмандар өз кітаптарын әкеліп, алмастыру арқылы, түрлі кітап жанрларына толы сөреден қалаған кітаптарына қол жеткізе алады. Сонымен қатар, баспалар мен интернет-дүкендер көрмеге өз тауарларын қойып, жаңа таныстырылымдарға да орын берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жәрмеңкеде кітаптар әдеттегі құнынан 10-15 пайызға төмен бағаға сатылған. Жәрмеңкеге келушілердің жартысынан көбін жастар мен оқушылар құрағаны да көңілімізді қуантып тастады. Әсіресе, «кітап алмасу» сөресі маңында кітапқа таласқан оқырмандардың, соның ішінде жастардың сол әрекетінен «Қазақстанда кітап оқылмайды» деген пікірдің негізсіз айтылғанына куә болғандаймыз. Одан бөлек, кітап басып шығару ісіне арналған шатырдан өздеріне қызықты ақпараттар алып қалуға тырысқан студенттерден елімізде баспа ісінің болашағынан көп үміт күтуге болатынын аңғардық.
« ...Бәріміздің де кітапты рухани құндылық деп түсінетініміз анық. Алайда, әлемде кітап нарықтың, бизнестің бір түрі. Сондықтан да, кітап шығарылым мағлұматтары, басылым ақпараттары сияқты, барлық стандартқа сай болуы керек. Сонда ғана кітап өзінің тұтынушысына толыққанды қызмет ете алады. Қазіргі уақытта елімізде осы саланың мамандары жоқ дей алмаймын. Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі бері біз де баспа ісінің мамандарын дайындап жатырмыз. «Біз» деп отырғаным — Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Журналистка факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы. Аталған кафедра өзіміздің ұлттық нақышта безендіре алатын дизайнерлер мен кітаптың қолжазбасынан бастап оқырманның тілегі мен сұранысын қанағаттандыруға дейінгі барлық талаптарды орындай алатын баспагерлер дайындауда еліміздің жетекші оқу орны деп айта аламын. Енді, сондай мамандарды дайындап жатқандықтан, біз студенттерімізді көрме-жәрмеңкелерге әкеліп тұрамыз. Әрі, тек көрме-жәрмеңкелермен ғана шектелмей, барлық баспалармен тығыз қарым-қатынастамыз». Ал, енді мына көрмеге жиналған қаншама халықты көріп, «Қазақстанда ешкім кітапқа қызықпайды, кітап оқымайды» деп қалай айта аламыз? , - дейді ҚР Баспа және полиграфия ісінің еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің Журналистка факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы Қоңыр Мұқатаева.
Түйін: Жыл сайын ауқымы кеңейіп, отандық ақын-жазушылар мен оқырмандардың, блогерлердің, қоғам қайраткерлерінің басын қосып, қаламыздың мәдени-ағартушылық іс-шарасына айналып келе жатқан фестивалдің еліміздің кітап шығару саласына қосар үлесі әлі алда деп сенеміз.