Ертең, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Нижат Рахимов, Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Денис Уланов, Карина Горичева және басқалар Талдықорғанда өтетін чемпионатқа қатысады.
28 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Талдықорғандағы “Жастар” спорт кешенінде ауыр атлетикадан ерлер және әйелдер арасында ҚР жеке-командалық чемпионаты өтеді. Бұл туралы ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарысқа Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, сонымен қатар әлемдік және құрлықтық біріншіліктердің жеңімпаздары қатысады. Олардың арасында Нижат Рахимов, Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Денис Уланов, Карина Горичева және басқалар бар.
Ауыр атлетика федерациясының мәлімдеуінше, чемпионатта бұған дейін допингке байланысты жарысқа қатысу құқығынан айырылған Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло да бақ сынағалы отыр.
Бұл турнир осы жылдың ауыр атлетикадағы басты жарысы – Ашхабадта жалауы желбірейтін Әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңі болмақ.
Жарысты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.