АҚШ санкцияларынан кейін Ресей қаржы нарығы қандай қиындықтарға тап болды?
РБК телеарнасының мәліметінше, Ресей рублі өткен күндермен салыстырғанда 70 копейкіге құнсызданып, ақша айырбастау орындарында бір доллар 66,25 рубльден саудалануда. Сарапшылар пікірінше, рубль жақын күндері доллар алында 5-10 пайызға құнсызданып, бір доллар 70 рубльге дейін жетуі мүмкін.
Бұдан бөлек АҚШ мемлекеттік департаментінің «Скрипаль ісіне қатысты Ресейге салған санкциялар тізімі 22 тамыздан бастап күшіне енетін болады» деген мәлімдемесінен кейін, санкцияға іліккен «Аэрофлот», ВТБ, Сбербанктың құнды қағаздары бірнеше пайызға құлдыраған. Атап айтқанда «Аэрофлот» акциялары 12%, ВТБ құнды қағаздары 5,52%, Сбербанк акциялары 4%-ға құнсызданған.
Ресей қаржы нарығындағы жағдайлар Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бүгін еліміздегі ақша айырбастау орындарында бір доллар 358 теңгеден саудалануда. Күні кеше ғана бұл көрсеткіш 355,38 теңге болған.