Түркия Қытаймен бірлесіп атом электр станциясын салмақ – деп хабарлайды РИА Новости ақпарат агенттігі.
Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Фатих Денмездің сөзінше, қазіргі таңда өзге аймақтармен салыстырғанда Стамбұл қаласы мен Мәрмәр теңізі аумағындағы аудандар электр энергиясын көбірек пайдаланады. Осыған байланысты Түркия билігі Қытаймен бірлесіп елдің еуропалық бөлігі болып саналатын Фракия аумағына атом электр станциясын салуды жоспарлауда. Әзірге АЭС құрылысы қай уақытта басталатыны белгісіз. Бірақ қос тарап бірлесіп жұмыс істеуге байланысты келісімге келген.
Бұған дейін сәуір айының 3-і күні Түркия Ресейдің «Росатом» компаниясымен бірлесіп №1 «Аккую» атом электр станциясының құрылысын бастаған. «Аккую» АЭС-і «build-own-operate» (құрастыр-басқар-жүзеге асыр) моделі бойынша салынуда. Яғни құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін «Аккуюдың» толықтай иесі "Росатом" компаниясы болады және АЭС жұмысын бір өзі жүргізеді.
Бұдан бөлек Түркия билігі алдағы уақытта Жапониямен бірлесіп үшінші атом электр станциясының құрылысын бастамақ. Алдын ала болжам бойынша, құрылыс жұмыстары жақын уақытта Синоп провинциясында басталады деп күтілуде.