Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер - Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия «Заманауи Жібек жолы» туристік пакетін әзірлеп жатыр.
Бірлескен туристік өнім әлем туристерінің Жібек жолы елдерін тиімді аралауына мүмкіндік бермек. Жоба аясында «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Орталық Азия өңірінің жарнамасын көбейтуді ұсынды.
«Түркия - туризм саласындағы үлкен нарық, бірақ қазіргі уақытта Орталық Азияда саяхаттап жүрген түркиялықты кезіктіру қиын. Туризм саласында Қазақстан, Түркия мен Әзербайжан туристеріне өте маңызды жобаларды ұсына алады. Бір ғана Алтай - барлық түркі халықтарының тарихи отаны болып саналады. Кеше ғана Тарбағатайдан тағы бір Алтын адам табылды. Біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырларға тиесілі бұл қазбадан 10 мыңға жуық алтын әшекейлер табылды. Бұл - әлемдік маңызы бар жаңалық. Екінші қызықты бағыт - Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан аймағы. Барша түркі халқы тәу ететін Түркістан қаласының өңір астанасы атануы да туризмге ерекше қолдау болып отыр. Одан бөлек, Сырдария маңындағы далада түркілердің Алтайдан кейінгі екінші астанасы - Янгикент қалашығы бар», - деді «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев Астанада туризм бойынша Түркі кеңесі жұмыс тобының 13-ші отырысында.
Сонымен бірге, Т. Дүйсенғалиев Каспий теңізінде круиздік туризмді дамыту қажеттігін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Заманауи Жібек жолы» жобасы бойынша алғашқы сапар тамыздың соңы мен қыркүйек айының басында Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізілмек. Сапар барысында туристер Үшінші бүкіләлемдік көшпенділер ойынын тамашалай алады.
Сондай-ақ, жиын барысында «Заманауи Жібек жолы» туристік пакетінің веб-сайты таныстырылды. Онда туристер жиі баратын Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Әзербайжандағы Керуен сарай, Қырғызстандағы Таш Рабат және Ыстанбұлдағы Үлкен базар туралы мағлұматтар берілген.
Еске сала кетсек, ертең - 8 тамыз күні Астанада Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің туризм министрлерінің төртінші жиыны өтеді.