АҚШ президенті Иранға қаратылған экономикалық санкцияны ресми түрде күшіне енгізу бұйрығына қол қойды. Президент Дональд Трамп бұйрыққа қол қойып болғаннан кейін, Теһран (Тегеран) билігін сынай сөйледі. Ол ИИР режимін «Қанды қол режим, жендеттікті жалғастырушы, зорлық-зомбылық және хаос тудырушы үкімет» деп бағалады. Бұл туралы VOA хабарлаған болатын. 

Трамптың мәлімдеуінше, 5 қараша күні АҚШ Иранның энергетикалық операцияларына және Иранның орталық банкімен жұмыс істейтін шетелдік қаржы институттарына санкция салмақ. Ол және осыған дейін «Ең сорақы келісім» деп бағалаған Иран ядролық келісімін де қайталай айыптап өтті. Бұл жолы аталған келісімді «Қорқынышты һәм біржақты келісім» деп атады. Трамптың ойынша бұл келісім Иранның ядролық оқ тұмсықтарын дамытуына мүмкіндік береді, сонымен қатар, бұрынғы санкциялардан құтқарып, Иран режимінің теріс пиғылдарын іске асыруға орай жаратып берген.

Трамп сөзінде: «Бұрынғы келісімге қол жеткізгеннен кейін Иранның агрессиясы күшейді. Олар жаңа қаржыландыру көздерін еркін пайдалана алды. Ядролық сынақтарға қаблетті зымырандарды өндірді, терроризмді астыртын қаржыландырып, Таяу-Шығыстағы және одан тыс аймақтардағы қақтығыстарды өршітті», – деді.

Ол тағы: «Бүгінгі күннің өзінде, Иран Құрама Штаттар мен оның одақтастарына қауіп төндіріп, халықаралық қаржы жүйесін бүлдіріп, әлемдегі террорлық және жауынгерлік агенттерді қолдап отыр», – деді.

Трамптың әр кездегі Иран туралы қаралаулары мен айыптаулары Иран үкіметі жағынан жауапсыз қалған емес. ИИР президенті Хасан Рухани өз кезегінде: «АҚШ – өте сенімсіз ел. Өйткені, ол қол қойылған барлық халықаралық келісімдерді күшінен қалдырып, әлемдегі сенімділікті әлсіретті», – деді.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху президент Трампты жаңа санкциялар туралы хабарландыруымен құттықтаған. Нетаньяху да Трампқа  ұқсас көптен бері Иран ядролық келісімін сындап келген еді. Шын мәнісінде, Иранның өңірдегі басты қарсыласының бірі – Израиль. Еврей билігі Иранның Таяу-Шығыста арта түскен ықпалынан қатты үрейленеді. Әсіресе, Сүрияның Израильге жақын шекараларында Иранның қарулы күштері және оны қолдайтын қарулы топтар еврей жұртына қарай жақындай түскен.

АҚШ үкіметі Иранға бағытталған санкция оның режимінің саясатын өзгертіп, тәубесіне келтіреді деп үміттенеді. Дегенмен, екі ел арасындағы қайшылықтың қақтығысқа ұласуынан алаңдайтын елдердің қатары көп. Бұл қатарға тұтас Еуропа елдерін айтуға болады. Себебі, Еуропаның көптеген алдынғы қатарлы дамыған елдері Парсы шығанағынан шығатын мұнай экспортына тәуелді. Ормуз бұғазының қақтығыстардан тұралап қалуы Еуропа елдерінің экономикасына ауыр соққы болады.

“The Qazaq Times”