Иран Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, Еуропада есірткі саудасының қаржы айналымы 60 миллиард АҚШ долларына жеткен. Осы мәліметті алға тарта отырып, Иран Ішкі істер министрі бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдарды есірткі сату, тасымалдауға қарсы күресте өз міндетін атқара алмады деп айыптайды. Бұл туралы IRNA ақпараттық агенттігі хабарлады.

Иран ІІМ басшысы Рахмани Фазли сөзінде: «Кейбір елдер қаржы жылыстатуға қарсы заңды жүзеге асырып жатырмыз дегенімен, есірткі саудасы арқылы жылыстатылған қаржыны қалай басқарып отырғанын ашық айтпайды. Ал Иранда болса 2017 жылдың өзінде 2 мың тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Бұл қауіпсіздік күштерінің 2 мыңнан астам рет жүргізген операцияларының нәтижесі», – деді. Фазли бұл көрсеткіштер Иран қауіпсіздік күштерінің есірткі саудасына қарсы күрестегі табысты нәтижесін айғақтайтынын алға тартады.

Иран тарабы өзін әлемдегі есірткі саудасы мен есірткі бұйымдарының контрабандасымен күрестегі көшбасшы ел деп санайды. Мәліметтерге қарағанда, есірткіге қарсы күресте Иран қауіпсіздік күштерінен 3 мыңнан астам қызметкер шейт болған.

“The Qazaq Times”