Араб елдерінің басшылары Уашингтон билігінің қалауымен дайындалып жатқан палестиналықтар мен израильдіктердің ара-қатынастарын реттеуге бағытталған «Ғасыр келісімшарты» атты құжатқа қарсы. Бұл туралы Палестина басшысы Махмұд Аббас хабарлады, деп жазады «evrensel.net» ақпарат құралы.

«Біздің араб бауырларымыз осы бір «Ғасыр келісімшарты» деп аталатын құжатқа қарсы екендіктерін айтты», - деген палестиналық басшының сөзінше, Еуропаның, Азияның және Африканың бірқатар елдері де осындай келісімшарттың жасалуы мүмкін емес деп санайды. Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, «Ғасыр келісімшарты» Шығыс Иерусалимнің Израильге берілуін қарастырады. Сонымен қатар Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы кезінде заңсыз құрылған израильдік елдімекендердің ауқымды бөлігінің сақталуына да бағытталған. Оның үстіне, аталған келісімшартта 5,9 млн. палестиналық босқындарға өз жерлерінің қайтарылуы туралы мәселеге ешқандай орын берілмеген. Бәрімізге белгілі, Газа секторында палестиналықтар мен израильдік әскерилердің арасында көптен бері жер дауы бітпей келеді. Енді, Палестина жағы осы құжат арқылы өздерінің зор шығынға ұшырайтындықтарын айтып, халықаралық одақтардың бұл іске араласпауын, Уашингтон үкіметінің аталған мәселеге бағытталған келісімшартына қол қоймайтындықтарын да мәлімдеуде. Олардың айтуларынша, аталған келісімшартта палестиналықтардың мүддесін қорғайтын бірде-бір пункт жоқ.

“The Qazaq Times”