АҚШ қорғаныс министрі Жеймс Меттис 26 маусым күні Қытайға ресми сапармен барды. Пентагон басшысының бұл реткі сапары АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің ушығып тұрған кезіне тура келді. Айталық, осыған дейін екі ел арасында сауда-экономика, Тайуан (Тайвань) және Оңтүстік Қытай теңізі мәселелерінде қайшылықтар шырқау шыңында тұрған болатын.
Меттис Қытай сапарының алдында мәлімдеме жасап, кезекті сапарда Бейжіңмен диалог орнатқысы келетінін, Қытай үкіметінің лауазымды тұлғаларымен кездесіп, барынша пікірлеріне құлақ түретінін, Бейжің билігімен «ашық стратегиялық диалогқа» қол жеткізуге тырысатынын айтқан.
Былтыр күзде Трамп үкіметі жариялаған «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» және «Ұлттық қорғаныс қауіпсіздігі стратегиясы» бойынша, Қытай Құрама Штаттың негізгі стратегиялық қарсыласы ретінде қарастырылған болатын. Меттисте бұл рет Қытайға ресми сапармен келуінің басты себебі осы екенін ашық айтқан. Ол Қытай тарабының осы стратегиялық байланысқа қандай көзқараста екенін білуді мақсат еткен.
Маусымның бас шенінде Сингапурда өткен Азия елдері қорғаныс өкілдерінің форумында Меттис, Қытайды «Қорқыту, үркіту, мәжбүрлеу» әрекеттерімен, Оңтүстік Қытай теңізінде «милитаризация» жасап отыр деп айыптаған. Әрі, АҚШ тарабы Қытайдың аталған теңізіндегі әскери әрекеттеріне қарсы шаралар қабылдайтынын ескерткен.
Пентагон басшысының Қытай сапары туралы сарапшылардың пікіріне жүгінсек, олар Меттис бұл сапарда «жұмсақ позиция» ұстанады, бұл АҚШ-тың Солтүстік Корея мәселесі бойынша Қытайдың көмегін алғысы келетінін білдіреді деп қарайды.
АҚШ-тың Rand Corporation корпорациясы Халықаралық қорғаныс мәселелері жөніндегі аға ғылыми қызметкер Тимоти Хит (Timothy Heath) VOA News-ке берген сұхбатында, Меттистік бұл сапары тікелей АҚШ-Солтүстік Корея қатынасы үшін екенін айтады. Ол сөзінде: «Президент Трамп Солтүстік Корея мәселесінде тым үлкен саяси ұпай жинады. Ол Солтүстік Кореямен «Ядролық қарусыздану келісіміне» қол жеткізуге тырысады. Сондықтан, Меттистік бұл сапарының басты мақсаты – Қытай-КХДР қатынасына үкімет қалдырмау. Ол Бейжіңде ең салмақты тақырыптарды ашық талқыға салып, дауды жаңартып отыратын болады», – деді.
Бұдан өзге бірқатар сарапшылардың пікірін қорытындылайтын болсақ, Меттис шынында АҚШ-Қытай қайшылығын жеңілдетуді көздеген. Екі ел арасындағы қайшылықтың ауқымдылығын ескерсек, Меттис сапары бұл шиеленісті сәлде болса жеңілдетуі мүмкін.
Меттис сапарынан бір күн бұрын Қытай Қорғаныс министрлігінің өкілі мәлімдеме жасап, Қытай қарулы күштерінің басшылары Матиспен кездесіп, екі елдің және екі ел қарулы күштерінің қарым-қатынастарын, ортақ мүдделерін талқылайтынын айтқан. Ол және Қытай үкіметінің АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастықты дамытуға барынша мән беріп отырғанын айтқан.