Германияның Ішкі істер министрі Хорст Зеехофер канцлер Меркельге босқындар мәселесін реттеу үшін екі апта мерзім беріп, ультиматум қойды, - деп хабарлайды "Bloomberg" агенттігі.
Маусым айының соңына дейін, яғни екі апта ішінде Меркель Еуродаққа мүше өзге елдермен бірге босқындарды қабылдаудың жалпы қағидалары туралы келісімшарт жасасуы керек. Әйтпеген жағдайда, Зеехофер Ішкі істер министрі ретінде заңсыз көші-қонды реттеу саласындағы «басты жоспарын» жүзеге асыруға ниетті.
Айта кету керек, екі саясаткер де босқындар мәселесіне екі түрлі көзқараста. Зеехофер бұрын ЕО елдерінде тіркелген босқындардың елге өтулеріне қарсы. Ол шекарашыларға ондай көшіп-қонушыларды Германияға өткізбеу үшін нұсқаулық беруге дайын. Ал, Меркель бұндай саясат ЕО елдерімен арадағы келіспеушілікті одан сайын өршітеді деген пікірде. Әрі ол бұл мәселеде ортақ саясат енгізісі келеді. Енді, Меркельге ультиматум қойылғаннан кейін, ол 28-29 маусым күндері өтетін ЕО саммиті барысында аталған мәселені біржақты етуі тиіс.
Негізінен, Зеехофер Германия шекарасындағы бақылауды күшейтуді дүйсенбі, 18 маусымнан бастауды жоспарлаған еді. Алайда, жаңа ультиматумға байланысты бұл жоспары екі аптаға кейін шегерілді.
Маусым айынан басынан Еуропа одағында заңсыз көші-қон мен босқындарды қабылдау мәселесіне қатысты саяси алауыздық өршіп тұрғаны бәрімізге белгілі. ЕО-тың бірнеше басты елдері мемлекетаралық деңгейде де, ұлттық деңгейде де қатаң сынға ұшырауда.