5 ақпан кеште, Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрында, қазақ дәстүрлі ән өнерінің шоқтығы биік әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімановтың «Алқоңыр» атты шығармашылық кеші болып өтті. The Qazaq Times хабарлайды.

Еркін Шүкімановтың шығармашылық кеші. Фото: The Qazaq Times

Кешке әнші Еркін Шүкімановтың төл шәкірттерімен қатар, Алатау дәстүрлі өнер театрының әнші өнерпаздары қатысты. Шығармашылық кешінің шымылдығын Сәкен Сейфуллиынның «Тау ішінде» әнімен ашты. Ары қарай «Шашубайдың әні», Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай», халық әніне айналған Сегіз серінің «Гауһартасын», халыққа «Мариям Жагорқызының әні» немесе «Дударайдың әні» атанып кеткен, Төлебайдың әні «Дударайды» орындап, кезегін шәкірттеріне берді.

Әншінің шәркірттері ән орындау өнерінің әр қырынан шеберліктерін көрсетті. Азат Дулатұлы бұрын еш жерде орындалмаған халық әні «Қаракөз» тарту етсе, Қазтай Ақымет қобызбен ән айту дәстүрін жаңғыртып, халық әні «Гүлдер-айымды» орындады. Ән арасында сыбызғы мұрасын насихаттаушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, сыбызғышы Талғат Мұқыс кеш бояуын асырды.

Сахнаға қайта оралған кеш иесі – Еркін Шүкіманов кештің «Алқоңыр» атына орай, қазақтың бір қатар қоңыр әндерімен тыңдаушысын тәнті етті. Халық әні «Алқоңыр», Ақан серінің «Майдақоңыры», Естайдың «Жайқоңыры» мен көп жыл сахына көрмеген «Кіші қоңыр» әндерін орындады. Халық әні «Наз қоңырдан» кейін әнші кеш кезегін тағыда өз шәкірттеріне берді.

Нариман Қажымұратұлы «Иманжүсіптің әнін» орындаса, халық әні «Екі жиреннің» жұрт көп тыңдай бермейтін нұсқасын Еркін Шүкімановтың таңдаулы шәкіртінің бір, Алатау театрының өнерпазы Сәулежан Бағзия орындады.

Кеш соңын Еркін Шүкіманов Ақан серінің «Қаратөбеті», Балуан Шолақтың «Ғалиясын» орындай келіп, ағабуын өнерпаздардың өзіне аманат еткен әндерімен ақырластырды. Бұл әндердің қатарындағы Қажтай Ілиястың «Сары даласы» мен Ұлықбек Есдәулетовтың сөзіне жазылған әнші Тұрсынғазының «Ақтангері» жұрт жүрегінен орын алды. Әнші өз шығармашылық концертінің шымылдығын «Ақтангер» әнімен жауып, өнердегі тәлімін көрген ағаларының аманатын орындағанын білдірді.

Кеш иесі және Алатау театрының өнерпаздары.

Кеш соңында Еркін Шүкімановқа, Уақыт таңдауы агенттігі мен республикалық, қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің бірлескен жобасы бойынша «2016 жылдың үздік әншісі» номинациясы табыс етілді. Кеш иесі дәстүрлі өнер театрының ашылуына қолдау көрсеткен үкімет орындарына рахметін айтты, кешке келген тыңдармандарына да алғысын білдірді. Кеш көрермендері әншіге зор құрмет көрсетіп, сахна шымылдығы жабылғанша қошаметін аямады.

Еркін Шүкімановқа "2016 жылдың ең үздік әншісі" номинациясы табыс етілді.

28-ші Қысқы Универсиядаға орай, Қазақ дәстүрлі өнер жәрменкесі аясындағы, дәстүрлі әнші Еркін Шүкімановтың шығармашылық кеші, кәсіби биік деңгейді өтіп, алматылықтарды қазақтың көркем әндерімен сусындатты.

Естай БОЖАН

"The Qazaq Times"