Ауғанстанның батысындағы Гератта соңғы бір жылда өзін өзі өлтіретіндер саны екі есеге көбейген. Соның көбі әйелдер екені белгілі болып отыр. Бұл сол елдегі азаматтық соғыста көз жұмған әйелдердің санынан да асып түсті. Жарық дүниеден баз кешкен әйелдер у ішу немесе басқа жолдармен жан тапсыруда. Мұндай жағдайлар Ауғанстан кез-келген жерінен кездеседі. Дегенмен, Герат провинциясынағы көрсеткіш ең жоғары.
Оның басты себебі – Герат провинциясы исламдық діни қағидаттардың ең ауыр жосындарын дәстүр ретінде қатты ұстанған аймақ. Онда әйелдерді күйеуге зорлап беру, отбасында еркектерден зорлық-зобмылық көру, кедейлік, ашаршылық, басқа да әлеуметтік қиындықтар әйелдердің құқығын таптап, өмірге деген құштарлығын мүлде тұралатқан.
Сол аймақтағы BBC тілшісі Мұхаммад Казиза бұл туралы берген мәліметінде, ислам шариғаты бойынша, өзіне қол салу ислам дінінде қатты айыпталған әрекет болғандықтан, өзін өзі өлтірген адамдарды отбасы мүшелері жасыруға тырысатынын айтады. Олай болмағанда сол маңдағы тұрғындардың қудалауына ұшырайды. Бұл жағдайды әлеуметтік мәселе ретінде реттеуге үлкен кедергілер келтіріп келеді.
Гераттағы Денсаулық сақтауға жауапты ресмилердің мәліметіне қарағанда, 2017 жылы 1800 адам өзіне қол салған, оның 1400-ден астамы әйелдер болған. Бұл содан бір жыл бұрынғы санақтан екі есеге көп. Бұл көрсеткіш азаматтық соғыс кезінде көз жұмған және жараланған әйелдердің санынан да көп.
Ал, Адам құқығын қорғау ұйымының ауған жеріндегі комиссиясының мәліметіне қарағанда, ел көлемінде әр жылы 3000 адам өзін өлтіретінін, оның 80 пайыздан астамы әйелдер екенін жеткізген. Ауғанстанда психикалық ауырулар туралы статистика орталықтары болмағанымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы миллиондаған ауғанстандықтардың депрессияға ұшырағанын мәлімдейді.
Осы айтылғандармен қатар, Ауғанстанда әйелдерге зорлық-зомбылық жасау кең таралған. БҰҰ есебіне қарағанда, Ауғанстан әйелдерінің 87 пайызы физикалық, жыныстық және психологиялық зорлықтың кемінде бір түрінен азап шегеді. 62 пайызы әйелдер түрлі рақымсыз әрекеттердің ықпалында өмір сүреді.
Ауғанстанда әйелдердің өзін өлтіруіне ең басты себеп ретінде күштеп күйеуге беру істері тұр. Мәліметтерге қарағанда Ауғанстанда әйелдердің үштен бірі 18 жасқа дейін тұрмысқа шығып болады.
2018 жылы Ауғанстандағы соғысқа 40 жыл уақыт толады. Халықаралық ұйымдар Ауғанстандағы шынайы жағдайлар бұл көрсеткіштерден де ауыр болуы мүмкін дегенді ескертеді. Ең қорқыныштысы, Ауғанстанда күн сайын іргесін кеңейтіп келе жатқан террорлық қарулы топтар елдегі халықтардың өміріне үлкен қауіп төндіруде. Талибан қарулы топтары мен ДАИШ-тың күш біріктіруі, Ауғанстан ғана емес, Орталық Азияға да үлкен қауіп тудырды.
Бұған дейін провинция, аудан орталықтарына бағытталған шабуылдар қазір Ауғанстанның орталық үкіметіне, министрліктер ғимаратына тікелей бағытталуда. Әрі бұндай террорлық шабуылдар, жанкешті жарылыстар жиілей түсуде. Бір күні бұрын Кабулда Ауылшаруашылық және даму министрлігіне жасалған шабуылдан 12 адам қаза тапқанын «Түрік Теле-Радио қызметі» хабарлады. Қазір Орталық Азияда Ауғанстанға жақын елдерде террорлық ұйымға қарсы күрес дайындығы жүрілуде. Әрі бұл Қазақстан қоғамын да алаңдатпай қоймайды.