АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен шығуы Қазақстанға қалай әсер етеді? Ресми Астана Уашингтон санкцияларына ілікпес үшін қандай қадамдарға баруы мүмкін? Қазақстан мен Иран қарым-қатынасы алдағы уақытта қалай қарай дамиды? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Мамыр айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп Теһранмен арадағы ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеп, Иранмен қандай да бір экономикалық байланыс орнатқан елге, компанияға санкция салатындығын айтқан. Осы тұста ядролық келісімнің пайда болуына ұйытқы болған, Иранмен саяси-экономикалық байланыс орнатқан Қазақстанға қайтпек керек.
Шетелдік сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуы бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаевқа әсер етеді. Себебі ол алты мемлекеттің басын қосқан Иран ядролық келісімінің өмірге келуіне үлкен күш жұмсаған және осы жұмысы үшін «Нобель» сыйлығын алуға үмітті болған. Бұдан бөлек ресми Астана осы уақытқа дейін әлемдік державалар арасындағы «үлкен ойында» ешкімнің ырқына жығылмай тепе-теңдік ұстауға тырысқан. Бірақ Иран ядролық келісімінде Қазақстанға бұл тепе-теңдікті ұстау қиын болмақ. Өйткені ресми Астанаға Уашингтон, Теһран, Мәскеу, Бейжің, Еуроодақ бестігінің ешқайсысын ренжітпейтіндей таңдау жасау қажет.
Десе де Қазақстан қазірдің өзінде уақытша болса да белгілі бір дәрежеде өз таңдауын жасаған тәрізді. Бұлай дейтін себебіміз ресми Астана АҚШ пен НАТО-ға Қазақстан арқылы Ауғанстанға жүк тасымалдауға рұқсат берді және осы арқылы «үлкен ойын» таразысының Ресей, Қытай және Иран жағына басып кетуіне жол берген жоқ. Әрине Қазақстанның бұл шешімін жоғарыда аталған үш мемлекеттің үшеуінің де қолдамағаны анық. Бірақ ресми Астана осы қадамы арқылы Уашингтон мен Еуроодаққа толықтай болмаса да, белгілі бір мәселелерде өз сөзін өткізе мүмкіндік алды. Естеріңізде болса дәл осындай саясатты 2005 жылға дейін Өзбекстан басшысы Ислам Кәрімов ұстанып келген. Ол да Өзбекстан аумағындағы Ханабад және Термез әскери базаларын НАТО мен АҚШ-қа жалға беру арқылы ұзақ жылдар бойы Уашингтон мен Брюссельге өз дегенін жасатып келген. Әрине әлемдік державалар Қазақстан немесе Өзбекстан сияқты жаһандық өлшемде тым әлсіз елдердің «айтқанына көніп, айдағанына жүреді» дегенге сену қиын. Бірақ оңтүстіктегі көршіміздің экс-президенті Ислам Кәрімов 2005 жылы болған Әндіжан оқиғасына дейін жабық есік саясатын ұстанса да өз дегенін істеп келді.
Енді Қазақстан мен Иранның жеке саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынасына келсек. 2016 жылғы статистика бойынша, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 596 миллион долларды құраған. Қазақстан Иранға негізінен түсті металл, бидай және ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттаған. 596 миллион доллар бір қарағанда өте аз сомма. Салыстырмалы түрде алғанда 2017 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы 661,1 миллион доллар болған. Бірақ бұл жерде АҚШ-ты да, Иранды да қызықтыратын дүние Қазақстанның ураны. АҚШ-тың болашақта салынуы мүмкін санкциялары дәл осы уран экспортына әсер етуі мүмкін. Статистика бойынша, Қазақстан 2016 жылы жалпы құны 1,5 миллиард долларды құрайтын 25,2 мың килограмм табиғи уран экспорттаған. Оның 13,2 мың килограммын Қытай, 4,2 мың килограммын Франция, 2,9 мың килограммын Үндістан, 2,6 мың килограммын Канада, 1,9 мың килогарммын АҚШ, 240 килограммын Украина сатып алған. Ресми статистикаға сенсек қазақ уранын сатып алғандар арасында Иран елі жоқ. Бірақ Қазақстан Ресейдің ТВЭЛ компаниясының жанынан құрылған халықарлық уран байыту орталығына мүше. Ал өз кезегінде ТВЭЛ компаниясы Иранның Бушер атом электр станциясына уран тасымалдайды. Бұл дегеніміз АҚШ-тың Иранмен байланысы бар елдер мен компанияларға салатын санкцияларының Қазақстанға әсер етуі әбден мүмкін деген сөз.