Грузия премьер-министрі отставкаға кетуден бас тартты – деп хабарлайды "Неміс толқыны" ақпарат агенттігі.
Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили ел үкіметінің отставкаға кетуіне қатысты мәлімдемесінде: «Ел үкіметі мен министрлер кабинетінің отставкаға кетуі жағдайды жақсартатынына көзім жеткен сәтте мен бір секунтта ойланбастан отставкаға кетемін. Ал қазір отставкаға кететін уақыт емес және оған себеп те жоқ» - деген.
Естеріңізге салайық, мамыр айының 31-і күні Тблиси қаласында мыңдаған адам 2017 жылғы екі оқушының өліміне қатысты сот шешіміне қарсылықтарын білдіріп ереуілге шыққан. Олар Тблиси қалалық сотының Леван Дадунашвили мен Давид Саралидзенің өліміне қатысы бар азаматтардың жазасын жеңілдеткеніне наразылық білдіріп, ел үкіметі мен прокуратура басшылығынан отставкаға кетулерін талап еткен. Осыдан кейін Грузия бас прокуроры Ираклий Шотадзе қызметінен кеткен.