АҚШ Ресейдің Орталық Азияға төніп тұрған қауіп жөніндегі мәлімдемесіне сенбейді.
АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі басшысының орынбасары Кон Фолкнер РИА Новости ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Ресей «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымын желеу етіп АҚШ-тың Ауғанстандағы іс-қимылдарына кедергі келтіруде. Ресми Мәскеу Уашингтонның орталық азиялық әріптестерімен арадағы байланысын бұзу үшін түрлі айла-тәсілдер пайдалануда. Ресейдің «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Орталық Азия аумағына басып кірмек» - деген мәлімдемелері саяси пропаганда» - деп мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, мамыр айының басында Ресей сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Олег Сыромолотов Душанбе бас қосуында: «Ауғанстан террорлық ұйымдардың әскери базасына айналып барады. Қазіргі таңда ел аумағында 10 мыңға жуық содыр бар. Олардың басты мақсаты Орталық Азия мен Ресейде тұрақсыздық орнатып, аталмыш аймақта «Солтүстік Хорасан» квазимемлекетін құру» - деген.