19 мамыр күні, Астана қаласындағы Конгресс-Холл сарайында ақын Толқын Ақанұлының «Үміт сыйлағым келеді» атты жыр жинағының тұсау кесері және шығармашылық кеші өтті. Ақын шығармашылық кешін Астана қаласының 20 жылдық мерей тойына тарту ретінде өткізіп отыр.
Аталған кітаптың тұсауын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев кесті. Оқырманға жол тартқан жыр жинақта ақын Толқын Ақанұлының дәуір мен қоғам айшығы, адам болмысы, ұлт тағдыры қатарлы тақырыптарды қамтыған өлеңдері, толғаулары, ән сөздері жинақталған.
Кітаптың тұсау кесері Толқын Ақанұлының шығармашылығынан Астана қаласының 20 жылдық мерей тойына шашу ретіндегі концертке ұласты. "Берекелі қазақ елі" атты концертте, Толқын Ақанұлының өлеңіне жазылған әндер мен сазгерлігінен туған ән-толғауларды танымал өнер жұлдыздарының орындауында көрермендерге ұсынылды.
Аталған дабыралы шаралар ақынның 50 жылдық мерей тойына орай өтіп отыр. Толқын Ақанұлы әдебиет пен өнерде ғана емес, медицина мен кәсіпкерлік саласында да еңбек етіп, көрнекті табыстарды еншілеген.