Тарих солқылынан солығы басылмаған, оған қоса отарлық қамытынан сүлдері құрыған қазақ жан-дүниесінің серпіні ұлт ретінде ІШКІ МЕНДІ табуда ғана қалса керек. Бірақ, мүлде жаңа (анығында мүлде бөтен) қалыптанған бүгінгі ұрпақ бұл «МЕНДІ» қалай меншіктеп, «біздің қадымғы қалыбымыз осы еді» деп тап басып бөгенайын қалай танымақ?! Тұтас қоғам, «ОЛ», «ОЛАР», «ОЛАРДЫҢ» деген ұғымдарды ту етіп көтеріп, Тұранның тамырынан ажырап, мүлде басқа бағытқа бет бұрғанда, бірер тамшы болса да баба қаны тамырын солқылдатқан ұлт перзенттері түнекке шырақ болып жағылды.

Берісі «Алаш» пен Абайдан, арысы Алты Алаштан, түбі Түркіден жалғанған есіл жолды, дала данышпандығының ізін өшкіндеген сүрлеуінен жазбай танығандардың соңғы буынында Серікбол Қондыбай, Таласбек Әсемқұлов, Ақселеу Сейдімбеков, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Әмірхан Балқыбек,  тағы басқа аздаған адамдарды атауға болар еді. Небір алып ағымдар ұлтымыздың санасына сеңдей салмақпен келіп соғылып, ұлт руханияты теңселіп тұрғанда, соның бәрін сиырып, Тұранның телегей ілімін ұлық ұстап көтеріп, «тегіңе үңіл, тереңіңе бойла» деп ұран салған-ды.  Бүгін міне сол қатарға Тәуелсіздік жылдарының төл буынының өкілдері келіп жалғанып, көзқарақты, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын қай бір қазақ баласын да қуантып жатқаны бар.

Осы қатарда «ОЛ», «ОЛАР» секілді бітпейтін өзгеге бой ұрғыш танымдарға қарсы, «МЕН» үшін күресіп жүрген ақын, көркемсөзгер (публицист), абайтанушы, алаштанушы Ықылас Ожайұлының өлеңдерін сайт оқырмандарына ұсынып отырмыз. Өткен мен бүгінге, бүгін мен болашаққа, өлім мен өмірге, тіпті Құдайға да қазақ көзімен қарау – әне сол «МЕН»-нің сүйегінен. Бұл тұрғыда Ықылас Ожай өлеңдері санамыздағы өшкін ойларды жаңғыртады деп ойлаймыз.

 

                   Тарих

 

Бөкен жон, бөрте қыраттар астында

Шөптермен жабылған,

Ақсөңке сүйектер сөйлейді,

Не түйдік аруақтар зарынан?!

Менің тарихым – ап-ащы, күп-күрең,

Себебі ол, анамның жасымен,

Атамның қанымен жазылған.

Қария қыраттар сөйлейді күңіреніп,

Қобыздың тілімен,

Бір әуен талықсып жетеді құлаққа

Торғын жел үнімен.

Қан бөккен даламның қайғысын сеземін,

Жылқының жалы мен жусанның бүрінен.

Қайран, қабылан бабалар

Басының ішінде күн жанып,

Шуағы жүзінен байқалған.

Орхонның көк мәрмар тасына кертіліп,

Ерлігі айтылған.

Түз жүрек, тау мінез түркінің

Астында қара жер теңселіп,

Ауызында көк аспан шайқалған.

Ойхой, Орхонның жазуы,

Сен едің расы –

Бабамның жәдігер мұрасы.

Тамырымда күркіреп ағатын,

Қайда сол көк тастың көгілдір дұғасы?!

Көгілдір дұғамды

Кеудеме кісінетіп,

Боздадым зарлы үнмен,

Боздадым қазақы тағдырмен.

Сөйттім де,

Жылқының иісіндей бұрқырап,

Тұлпардың тостақтай көзінде

Тұңғиық шер болып қалдым мен.

     

 Қызыл мен көк

 

Тақсыр тарих

Түсінер болсаң, мұңымды іш,

Арымды менің

итаяқ етті қызыл күш.

Шаңырағымның күлдіреуішіне қан жұқты

Кермектің дәмі,

Жендеттің исі

Қызыл түс.

 

Дәуірлер туса,

Дүмше бір ойлар көнеріп

кететін еді,

Кетпей-ақ қойды не делік?

Таңертең тұрсам...

Осы бір бояу о, тоба,

О, тоба-ай деші

Құбылды кенет  көгеріп.

 

«Аттандап» ақты

Қызылдар қуды басында,

Өңдегі кермек

Өзгермей жетті ғасырға.

Орақ пен балға

Бүркіт пен күнге ауысты,

Ауысқан екен,

Азаттық деген осы ма?!

 

Есі сау адам

Еркіндік дей ма мынаны,

Көзіңе қайғы

Көл болып сонда тұнады.

Азатпын дейсің ауаны жұтып

Ал сонда...

Ауадан неғып абақты исі шығады.

 

 

                         Абстракция

                   (немесе төрттаған)

 

 ***

Қару тұр қасқайып...

Тіл қатып өткен шақ  ізінен.

Ағарған шаштардың азабын оқыдым

Қанжардың қылпыған  жүзінен.

 

***

Жарқылы жаныңды қақ тілген

Ғашықтық – сол дерттің  жарасы.

Мен білсем, екеуі

тамырлас, тым жақын

Қыз бенен қылыштың арасы.

 

***

Қыркүйек...

Қайтқан құс сорабы

Менің де кеп еді ұмтылғым,

Тостаққа тұндырып ұсынды құдаша

Бір жұтым аққудың сұңқылын.

 

                               ***

Түнімен түс көрдім

Анамның дауысын таныдым.

Таңертең сол  түстің...

Көзімнен көрпеге төгілген

Тауып алдым мамығын

 

            ***

                                            Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді...

                                                                                          (Мәшһүр-Жүсіп)

Тәңірдің тілі бар...

Біз кеттік киелі ілімнен.

Сауал көп санада

саусақтай бүгілген.

Құдайдың бар-жоғы

байқалар кеуде де

Қандағы ұжданның

Қарасақ нілінен.

             

Дүние тылсымды

Өзгеше көруге

Өмірім ұмсынды.

Сол мезет...

Абайды сабаған қамшының

Қайыра дүр етіп

Қанымнан естілді сусылы.

 

«Аллаға» айналу...

Осы жол – анық-ты.

ҚОРҚУДА ҚҰДАЙ ЖОҚ

Сүйгенде жарықты.

Тең тұрып тілдесер

ЖЕТІЛГЕН ЖАН таппай

Құдай да «құлдар» мен

«күңдерден» жалықты...

 

 

***

Сыбызғы сұңқылы

Кеудемнен күй өріп.

Сол үннің исіне

Жаным тұр сүйеніп.

 

***

Қыркүйек құстарды

Әкетсе көтеріп...

Түнімен  шығады

Жапырақ жөтеліп.

 

***

Өзіңді жарығым

Көрген де кезігіп,

МЕН түгіл көлеңкем

Кетеді езіліп.

 

***

«Әйелден ер артық...»

Сөз бе осы аталы?

Болғанда қайтер ек

Әйелдің сақалы.

 

***

АР ҰЯТ қос ғашық

Кетті олар суынып...

Ақшамда АР тұрды

Ағашта буынып.

 

***

Түн суық, батыстан

Соғып  тұр үскірік

Күн ертең қалады-ау

Теректер түшкіріп.

 

 

 

 

 

Метафизика

 

Тәнді тастап

Ұзап шықсам өзімнен,

Бостандықты...

Сонда ғана сезінем.

Қызыл раушан  қауызына  қонақтап,

Қарар ма еді  дүниеге бір мезет

Көбелектің көзімен?

 

Байтақ дала

шық тіліне елтіген,

Адам тайған

Адалдықтың сертінен.

Қолдар үзген

гүл -ғұмырдың  қайғысын

көбелекпін

қанатымен желпіген.

      

 

                 ***

«Құдай өлді...»

                                                   (Ф.Ницще)

I

 

Ақыл-есің  азабынан  танардай

Бір  кермек  бар...

Ішке түскен,

ой,  Алла-ай,

Жан  шыжғырған  сол  кермектің  өртінен

Төбе  шашым  лап  етіп  жанардай.

 

Солқылдатып   сол   кермектің  аптабы,

Неге  мені қиянатына  қақтады?

Мен  Құдайға   ұмсынып  ем  көрмекке

Көрсетпеді...

күлдібадам  санамның

айғыз-айғыз  сатпағы.

 

Мына дүние бар болғаны мейірім

Бір сыңғыры жұмаққа пар күлкінің.

Қара таста тіл қатады елжірей

Жолдағанда жүрегіңнің үлпілін.

 

 

            II

 

Құдай өлген,

Сайтан жеңген,

Ғұмыр емей  немене –

Ар мен  ұждан жұқанасы

табылмаса денеңде.

Жаратқанның жамалы – ұждан,

Ол  тұрмаса құдай жоқ.

Сол жұпарды ішке бүріккен,

Жүрек – мөлдір терезе.

 

Бақи – тамыр,

Пәни – тағдыр,

Ғұмыр – аққан бір өзен.

Сол өзеннен ішсемдағы

Бір қанбады кенезем.

Жұмақ,

Тозақ,

Ішімде екен,

Ісімде екен ол менің

Көре алмадым кір шалған соң,

Кеудемдегі терезем.

 

 

 

 

 

 

 

         Қоңыр

                                  (Қ.Жантілеуовке)

 

Қоңыр-қоңыр таулардың

Қолтығынан қой өріп,

Қоңыр үйдің ішінде

Қоңыр салқын ой өріп,

Маңырауық маңдайым

Ой дүретіп неше мың

Жасыл маңдай қыраттан

Жасыл сөз боп есемін.

Жасыл ойым саз еді

Жазиралы жаны ізгі,

Қоңыр сазға гүл атқан

Қара тастың қауызы.

Қайтқан құстың қаңқылын

Өзегіне толтырып,

Тырна жілік, төрт ойық

Сұңқылдайды сыбызғым

Аспан аңқып ауызы.

Мен осылай аңқыдым

Қос ішекке қондырып,

Қоңыр қаздың қаңқылын.

Солқылдатып күй шалған

Әй, шалдар-ай, шалдар-ай

Сезім кешіп неше мың

Керегенің астынан

Күй тұнады күмбірлеп

Ернеуіне кесемнің.

Кім түсінер күй ұқпай,

Бұл пәнидің баянын,

Күймен бірге жөңкідім,

Жерге тимей аяғым.

Жан еріген сол сәтте

Маңдайымнан күн шығып,

Таңдайымда ай туып,

Күй кілкіген кесемді

Ұрттап-ұрттап қоямын.

Қайда кетті сол шағым

Қоңыраулы қоңыр үн?

Қоңырымды жоғалтып,

Тас көшені торыдым.

Жаңбырына жанардың

Омырауым боялып.

Қайнай-қайнай қаңсыды

Алпыс екі тамырым.

Тоғыз перне бетінен

Толқып соққан самалмын,

Толқын-толқын самал боп,

Сағасынан ағамын.

Қос ішектің үстіне

Құс дауысын жусатқан,

Сен аман бол, қоңыр үн

Сен аман бол, шанағым!

 

 

 

Өлім

                                                                             Жалғаншыға келмей бақ,

                                                                                          Келсең бірақ өлмей бақ.

                                                                                                                                       (Қорқыт)

Жан менен тән өзгергенмен әр күйге,

Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине.

Тірі болу тірлік кешу емес ол,

«Өлгендер көп» өмір сүрген пәниде.

 

Келуің мен кетуіңнің тынысы

Ішіңде  екен, сезсең соны дұрысы.

Өмір деген – өз ақылың, өз ойың,

Өлім соның азабы мен жемісі.

 

Өз кеудемде тозақ пенен жұмағым,

Өз шұғылам...

Қияметте  шығар КҮН.

Өлім менің өзі ішімде шайқалып

Туғызады...

Түпкі сана тұрағын.

 

Қабірменен қорқытады көр молла,

Көрдің қашан көз бітеді орнына.

Бахи мекен

Жан жаралған ЖЕРҰЙЫҚ,

Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма.

 

Ғақыл түсіп ғарыштағы бір Хаһтан

Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан...

Сол жұмбақтың кілтін салды кеудеге,

Құдай бізді қуған күні жұмақтан.

 

Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын

Кісіліктің кілтін тығып

қойған кім?

Адамдағы ақиқаттың жауабын...

Көрден іздеп

көрге айналған қайран «дін».

 

Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін,

Жанның нұры

Жарқырасын сөнбесін....

Ажал мені алдап соқпақ

Тәйір-ай...

Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.

 

Қарт Қорқыттың  қазыналы  қойыны

Бір үрейден  айырады  бойыңды.

ӨНЕР, БӘЛКІМ,

АЛДАП КЕТУ АЖАЛДЫ

ӨМІР, БӘЛКІМ,

ӨЛМЕЙ ҚАЛУ ОЙЫНЫ.

 

“The Qazaq Times”