Өткен аптада "Қазпошта" АҚ басшылары хат таситын дрондарды сынақтан өткізіп көрген еді. Осыған дейін 2 келі жүкті әуе арқылы тасымалдап келген олар, бұл жолы жүк салмағын еселеуді көздеп, көлемі үлкен әуе аппараттарын көкке ұшырған. Алайда тыңнан түрен саламыз дегендердің талпынысы еш кетті. Дронның әуеге көтерілгені сол еді, қалбалақтап ұзақ ұшпай құлап қалды.

Журналистерді жиып, тың әдістерін паш етпек болған "Қазпошта" басшылары әлгі оқиғадан кейін, беттерінен моншақ төгіліп, төменшіктей берді. Тіпті, араларында бұл "масқараны" жария қылмауды өтінгендері де болды-мыс.

Өзге елдерде мұндай тәжірибие кеңінен қолданылады деген бастамашылар дронның құлауына екпіндей соққан жел кедергі болды дегенді айтты. Әйтпесе, қиырдан хат күткендерге сәлемдемелерді уақытында жеткізер едік деп, мізбақпай отыр.

"Қазпошта" жетекшілері дронды қолданудағы ойларымен бөлісті. Сөздерінше, шалғай ауылдарда тұратындарға газет-журнал мен хатты автокөлікпен тасу қиынға соғады екен. Өздерінде бар көліктер тау-таспен жүре алмайды. Сондықтан сәлімдемелерді әуе арқылы жеткізуді ұйғарған. Оның үстіне, бұл қызмет түрі көп шығынды қажет етпейді-мыс. Дронның әр шақырымына небәрі 90 теңге төлейміз дейді. Бұл - көліктер мен пойыздарға кететін шығыннан едәуір аз екен.

Жә, дрон арқылы хат тасу - арзан делік. Жанармай жақпайды, вагондарға жүк салу үшін ақы төлемейді. Сәлемдемені ұшу аппаратына салып, жеткізе салады. "Қашпошта" басшылары тап осылай сыңаржақ ойласа керек. Олардың бұл әрекетін басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Сонша неге тыраштанады?

Таңдайы қызғанша мақтап-мадақтап келген дрондары небәрі 70 шақырым жерге ғана ұша алады екен. Оны басқару үшін кемінде бір адам соңынан еріп отыруы керек. Жаяу жүрмесі анық. Ізінен көлікпен жүріп отырады. Темір тұлпарды тізгіндейтін тағы бір адам бар. Бәлкім, дронды игеруге көмекші де қажет шығар... Топшылай келгенде, кемінде 3-4 адам хаттарды әуе арқылы жеткізу үшін жұмылады. Көлікпен жүрген соң, жанармайға тағы шығын кетеді.  Сонда мұның несі үнем?

“The Qazaq Times”