Өткен аптада Ресей БАҚ өкілдері ресми Астананы Сүрия мәселесі бойынша БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде «Ресейді қолдамады» - деп айыптаса, осы аптада Кремль маңындағы жазғыштар мен айтқыштар Қазақстанды «Каспий тыныштығын бұзды» - деп айыптады. Жалпы, соңғы уақыттары ресейлік журналистер Қазақстан билігіне қарата бағытталған ақпараттық шабуылдарын күшейтті. Осыған байланысты бүгін біз ресейлік сарапшы Аркадий Дубнов пен қазақстандық саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірлерін беруді жөн көрдік.
Марат Шибұтов, саясаттанушы: «Қазақстан НАТО-мен арадағы Ауғанстанға жүк тасымалдау келесімін орындауда. Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Ауғанстанға жүк тасымалы осыған дейін бізсіз де жүзеге асырылып келген. Тек бұған дейін жүк тасымалының барлығы Ресей арқылы өтететін және олар бұдан қыруар пайда табатын. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Енді Ауғанстанға жүк тасымалы Грузия, Әзірбайжан және Қазақстан арқылы өтеді. Бұл сол баяғы жүк контейнерлері. Оның ішінде бұрынғысынша Ауғанстандағы АҚШ әскеріне арналған дәретхана қағаздары, азық-түлік тауарлары сияқты заттар бар. Ал Ресей журналистері байбалам салып жүреген Каспий тыныштығының бұзлғандығына келетін болсақ, аймақ тыныштығын бірінші болып Ресейдің өзі бұзған. Ресей Каспий теңізінен ядролық оқтұмсықтары бар «Калибр» зымырандарымен Сүрияны атқылағанда аймақ тыныштығына қауіп төнген.»
Ресейлік сарапшы, Аркадий Дубнов: «Қазақстанның Ресейдігі елшілігі 26 сәуір күні Ресей журналистерінің Каспий тыныштығына байланысты жариялаған материалдарынан кейін ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Онда Қазақстан тарапы Ресей БАҚ өкілдерінің «Каспий порттарын АҚШ әскери-теңіз күштері пайдаланбақ» - деген сарындағы материалдарына «жалған ақпарат» - деген баға берді. Ресей журналистерінің байбалам салуына Қазақстан Сенатының аталмыш мәселеге байланысты заң жобасын ратификациялауы себеп болды. Бірақ ол заңға Нұрсұлтан Назарбаев әлі қол қоймағанын айта кеткен жөн. Жалпы, АҚШ 2010 жылы Ауғанстанға жүк тасымалдауда Каспий порттарын пайдалануға байланысты Қазақстанмен ғана келісімге келген жоқ. Оның ресми Мәскеудің өзі де бар. Сол кездегі келісім бойынша жүк тасымалының бір бөлігі Ресейдің Ульяновск аумағы арқылы өтуі тиіс болған. Бірақ Ресей бұл келісімнен 2015 жылы шығып кетті. Осыдан кейін АҚШ Грузия. Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстанмен жаңа келісім жасады. Осы жағдайлардан кейін өзін «старши брат» есебінде көретін Мәскеу ресми Астананың латын әдіпбиіне көшу жөніндегі бастамасын, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде өзін қолдамауын ауыр қабылдады. Негізінде соңғы уақыттары Ресей баспасөзінде болып жатқан дүниелердің барлығы Қазақстан президентіне бағыталып жатқан сияқты әсер қалдырады. Егер бұл шын мәнінде солай болатын болса, онда Ресей «патриоттары» ақпараттық шабуылын мамыр айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев АҚШ-қа ресми іс-сапармен барып келгенен кейін Ташкентке бағыттауы мүмкін.»
Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Ресей БАҚ өкілдері "Қазақстан Каспийдегі өз порттарын АҚШ әскери теңіз күштеріне жалға бермек" - деген сарындағы материалдарын бірінен соң бірі қарша боратқан. Осыдан кейін 26 сәуір күні Қазақстанның Ресейдегі елшілігі "Ресей БАҚ өкілдерінің ақпараттары шындыққа жанаспайды. Бұның барлығы жалған ақпараттар" - деген мәлімдеме жасаған.