Еуропалық Одақтың экономика істеріне жауапты жоғары лауазымдысы, ЕО тарабы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында екі тараптыда жақтамайтынын айтты. Осыған дейін, АҚШ-Қытай сауда қақтығысында екі елдің де жоғары лауазымдылары ЕО тарабын өздеріне қолдаушы болады деп үміттенген. Бұл туралы «VOA» ақпараттық сайты хабарлады.
Еуропалық Одақтың экономикалық және қаржылық мәселелер жөніндегі комиссары Пьер Мосовичи сенбі күні (21 сәуір) «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында: «Бір тарапты таңдау – сауда қақтығысына араласу болмақ. Бірақ бұл тағы мәселені шешудің жолы емес. Әрине, сауда теңсіздіктерін, басқа да мәселелерді шешу керек, алайда бұл мәселе қақтығыс арқылы шешілмейді», – деген пікірін ортаға салды.
Соңғы бірнеше аптада АҚШ-Қытай арасында жүздеген миллиард доллар құнындағы сауда дауы туылды. Трамп үкіметі Қытайдан импорт етілетін тауарларға 150 млрд АҚШ доллары көлеміне дейін импорттық тариф енгізетінін мәлімдеді. Бұл Қытайдың әділетсіз сауда саясатына берген жауабы екенін ескертті. Бұған қарсы Қытайда өз тарабынан шаралар қолданды. Кейін Қытай басшысы жаңа сауда саясатын жария етіп, Трамп үкіметіне жол бергендей болды.
Пьер Мосовичидің айтуынша, Қытай тарабы да тиісті реформаларды жүзеге асыруы, ашық сауда саясатын жолға қоюы, тағы басқа да мәселелерді түбірімен шешуіне тура келеді. Дегенмен, бұл мәселелерді сауда соғысы арқылы емес, ДСҰ арқылы шешуі керек.
Өткен аптада, Трамп әкімшілігі ДСҰ-ға Қытайдың болат, алюминий және бірқатар тауарларына бағытталған тарифтер туралы келіссөздер жүргізуге келісті.
АҚШ болса ЕО-ның ең үлкен экспорт серігі және екінші ірі импорт серіктесі. Ал, Қытай Еуропалық Одақтың импортындағы ең үлкен серігі, экспортындағы екінші үлкен нарығы. Бұдан сырт, әдетте ЕО АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауына араласқысы келмейді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, Еуропалық Одақ пен Америка Құрама Штаттары дәстүрлі трансатлантикалық қауіпсіздіктің ынтымақтастық қатынастарына ие. ЕО-ның кейбір мүше елдері Қытайдың сауда саясатына қарсы. Еуроодақ толықтай Қытай сауда саясатын сынға алмағанымен, бірқатар мүшелері бұл жағында АҚШ қадамын жақтап отыр.