Қытай үкіметі сауда соғысына шындап кіріскенін көрсетті. Құрама Штаттардан кіретін 60 млрд доллар құнына ие тауарларға кеден салығын көтерді. Бұл ереже 1 маусымнан бастап ресми атқарылмақ. Өткен жұмада АҚШ 200 млрд доллар көлеміндегі Қытай тауарларына 25 пайыздық тариф белгілеген еді.
Алайда, Қытайдың бұл қадамы көпті таңқалдырмайды. Себебі, өткен аптада Уашингтонда өткен АҚШ-Қытай сауда келіссөзі нәтижесіз аяқталды. АҚШ тарабы тарифтерді жоғарлатты. Сауда келіссөзіне келе алмаған келесі тарапта осы қадамға баратыны онсыз да белгілі еді. Бұндай жағдай былтыр да болған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай үкіметіне бажы салығын көтермеуге кеңес берген еді. Алайда, Бейжің шетелдік қысымға «тізе бүкпейтінін», «өзі мүддемізді қорғауға бар күшімізді саламыз» деген сыңай танытты. Алдағы уақытта, АҚШ-тан Қытайға кірген тауарлар, әсіресе ет өнімдері, соя-бұршақ, шай, кофе секілді ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы көтерілмек.
Әлемнің алдынғы екі экономикасы арасындағы 600 млрд доллар көлеміндегі сауда таласы әлем экономикасына да өзінің кері әсерін көрсете бастады. Дүйсенбі күні АҚШ, Еуропа және Азия биржаларында шығын ұлғайды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысында көздеп отырғаны, Қытайдың сауда теңдігіне көндіру. Қытай жыл сайын АҚШ-қа 500 млрд доллар көлемінде тауар сатып, АҚШ-тан тек 130 млрд доллар көлемінде ғана тауар сатып алып келген. Бұл сауда теңсіздігін жою үшін Уашингтон Бейжіңді сауда саясатына реформа жасауға шақырған.
Қазіргі Қытай билігі үшін Трамп үкіметі алға қойған сауда талаптары «теңсіз шарт» ретінде бағаланып отыр. Бұл сауда таласында АҚШ-қа ұттырып қою, Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң үшін «өлімнен де ауыр» деп қарайды сарапшылар. Себебі, бұл қайшылықты ретке келтіре алмаса, Қытай басшысының алға қойған барлық бағдарламалары жүзеге аспай қалуы мүмкін.