Қытай ықпалының артып келе жатқаны орта азиялық бізді ғана емес, Батыс жұртында алаңдатады. Қытай билігінің жаңа сыртқы саясаты мен экономикалық саясаты ел ықпалын Еуразия, Африка, тіпті Латын Америкасына дейін кеңейтуде. Бұған Батыс елдері не істе жатыр және не істемек? Сарапшылар не дейді? Осы тақырыпты қаузап көрелік.
Қытайдың реформа және сырт елдерге ашық қатынас орнатқаннан бергі лидерлерімен салыстырғанда Ши Жинпиңнің билік пен идеологиялық бақылауды орталықтандыру қадамдары қуатты әрі табысты болды. Ол ортаға салған көптеген саяси ұстанымдар арасында «Қытайлық бағдарлама» мен «Адамзат ортақ тұлға» қатарлы ұстанымдары Қытайдың сыртқы байланыстарының маңызды бөлегіне айналды.
Жақында Боао Азия Экономикалық форумында «Адамзат ортақ тұлға» идеясын тағы да атап өтті. Қытайдың «Шинхуа» ресми ақпарат агенттігінің хабарларында «Қытай дауысы», «Азия дауысы», «Әлем дауысы» адамзаттың ортақ тұлғаға айналу дәуірін жақындатты», – дей келіп, Ши Жинпиңнің сөзін алға тартты. Жалпы, соңғы кездері Қытай өзінің сыртқы әсеріне көбірек көңіл бөліп жатқаны байқалады. Осыған байланысты бірқатар еуропалық сарапшылар: «Еуропа елдеріне Қытайдың кеңею қадамын неғұрлым анық білуі және қарсы күрестің жаңа стратегияларын жасауы қажет», – деген пікір білдірді.
Қытайдың Еуропадағы ықпалы: Батыс-Шығыс Еуропада бірдей емес
2013 жылы Қытай мен Орта, Шығыс Еуропаның 16 елі бірлесіп, «16+1» ынтымақтастығын құрды. Сондай-ақ, «Бір белдеу, бір жол» жобасы арқылы Орта және Шығыс Еуропада бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға уәде берді. «Шинхуаның» мәліметіне қарағанда, Қытай Орта, Шығыс Еуропаға 9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ. Айталық Варшавада жаңа әуежай құрылысы, Сербия мен Венгрия арасындағы жоғары жылдамдықты темір жол қатарлы инвестициялық жобалары бар.
Дегенмен, алты жылдан бері Қытай тарабы уәде еткен бұл жобалардың көбі жүзеге асқан жоқ. Кейбір Орта және Шығыс Еуропа елдері Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатудан пайда табатындарына күмәнмен қарай бастады. Еуропалық Project Sinopsis медиа жобасының жауаптысы Мартин Хала (Martin Hala), Қытай мен Еуропаның қарым-қатынасы туралы алаңдаушылығын жеткізіп, Қытай мен Шығыс Еуропа арасындағы экономикалық қарым-қатынастың Батыс Еуропамен болған байланыстардан әлсіз екенін, бірақ Қытайдың ықпалы біртіндеп жоғарлап келе жатқанын айтады.
Мартын Хала сөзінде: «Қытайдың ақшасының тартымды болатыны Қытай «шарт қоймайды». Еуроодақтан бөлінетін қаражатқа ашық болу және қаражат жұмсалымын қадағалау сынды талаптар ере жүреді, Ал, Қытай қаражатында мұндай талаптар жоқ. Кәдімгі қалыпты мәмілелер үшін пайдалану оңай», – деді. Оның пікірінше, Шығыс Еуропа бір кездері коммунизмнен бет бұрған, алайда олар Қытайдың коммунизмі басқаша деп қарайды. Ол және мына бір маңызды түйінді атап өтті: «2008 жылғы экономикалық дағдарыс пен 2015 жылғы миграция дағдарысы шығыс еуропалықтардың 1989 жылы ұмтылған демократиялық капитализм сеніміне үлкен соққы болды. Тұста көптеген адамдар Қытайдың «байлыққа толы күнгей бетін» көбірек көрді де, «диктатурадағы теріскей бетіне» көз жұмды».
Батыс елдері қалай қабылдайды?
Германиядағы Mercator Қытай зерттеу орталығы (MERICS) ғылыми директоры Кристин Ши-Купфер (Kristin Shi-Kupfer) Құрама Штаттағы үкіметтік емес ұйымдардың Азия одағында сөйлеген сөзінде: «Еуропа Қытайдың барлық қадамдарынан сақтануға тиіс болса да, Қытайдың тоталитаризмге бейімделіп келе жатқанын түсіну керек», – деген ойын ортаға салды. Ол ЕО өзінңі БАҚ-тарына және академияларына қаржы бөліп, ЕО бірлігін нығайтуы керек екенін атап өтті.
Германиядағы аталған зерттеу орталығының зерттеушісі Марейк Охлберг (Mareike Ohlberg) бұл туралы: «Қытай Коммунистік партиясы ақпараттық насихаттың барған сайын тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайтынын танып жетті. Тек ол ғана емес, халықаралық қауымдастықтың қолдауына мұқтаж екенін, басқа елдердің көзқарасын түбегейлі өзгертуі қажет екенін білді. «Қытай бағдарламасы» саясаты міне осы бағыттағы қадамның бірі», – деген пікірін білдірді. Марейк Охлбергтің пікірінше, Еуропа қарсы шаралардың сыртында өзінің демократиялық жүйесін нығайтуы керек.
Калифорния Университетінің Сан-Диегодағы бөлімі «XXI ғасыр жобасының» жетекшісі Сьюзен Шрик халықаралық стратегиядағы Қытай мен Ресейдің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра келе, екі елдің түрлі экономикалық мүддеге ие екенін алға тартады. Ресей болса ірі энергетикалық ел ретінде мұнай бағасының жоғарылауын үміт етеді. Сондықтан, әлемдегі, әсіресе Орта-Шығыстағы тұрақсыздық Ресейге көбірек пайда әкеледі. Бірақ, Қытай үшін тұрақты сыртқы жағдай барынша тиімді. Сьюзен сөзінде: «Саяси жағдайларға келетін болсақ, Путин демократиялық Батыс елдеріндегі саяси жағдайдың тұрақсыздығынан үміткер. Бұл тұрғыда Ши Жинпиң «бүлдіруші» болғысы келмейді, алайда құрмет пен мәртебеге ие болғысы бар. Бұл Батыстың онымен ынтымақтасуына мүмкіндік беріп отыр», – деді.
Бұл пікірлерден Еуропа мен Қытай арасындағы тірестің ауқымдылығын аңғаруға болады. Оның үстіне Қытай мен Батыс арасындағы қарсыластық Ресей мен Батыс арасындағы шиеленістен басқаша болмақ.