Батыс пен Ресей текетіресінің Қазақстанға әсері қандай? Алдағы уақытта ресми Астана Мәскеумен қандай қарым-қатынас орнатады? 

Соңғы уақыттары АҚШ пен Ұлыбритания бастаған батыс елдері мен Ресей арасында бұрын соңды болмаған саяси текетірес жүруде. Бастапқыда экономикалық санкциялардан басталған «саяси дағдарыс» ақыр соңында тараптардың дипломаттарды қудалауына дейін ұласты. Ресей мен Батыс елдері арасындағы текетірестің салқыны ерте ме, кеш пе Қазақстанға да әсер ететіні белгілі. Оның алдын қалың бұқара қазірдің өзінде көріп, байқап, сезініп отыр және күйбең тірлікті бір сәтке ұмытып, уақытын сәл болса да саясатқа арнаған адамның басында: «Бұл жағдайда әлемге бітімгершілік пен татулықтың ақ көгершіні болып танылған Қазақстан қандай саясат ұстануы керек?» - деген сұрақ та туындап жатыр. Бұл сұраққа жауап табу үшін Қазақстан билігі ұстануы мүмкін үш бағытты атауға болады. Бірінші: Бейтараптық жағдайындағы күту режимі. Екінші: Ресеймен ЕАЭО немесе өзге де жобалардың аясында жақын қарым-қатынас орнату. Үшінші: Ресми Мәскеуден іргені алшақ салу. Ресми Астана алдағы уақытта бұл үш бағыттың үшеуінде ұстанбауы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда аталмыш үш бағыттың орындалу ықтималдығы ең жоғары. Олай болса үш болжамды қысқаша тарқатып көрсек.

Бірінші: Бейтараптық жағдайындағы күту режимі. Бұл бағытты ұстану Қазақстан билігі үшін аса бір қиындық тудырмайтындығы айтпаса да түсінікті. Себебі ресми Астана осы уақытқа дейін сыртқы саясатта көп векторлы саясаттың арқасында дәл осы бейтараптық бағытын ұстанып келген. Бірақ бұл жерде Ресейге салынған санкциялар Қазақстанды айналып өтеді деп айту қиын. Себебі бір экономикалық одақта бола тұра «батыс елдерінің санкциялары бізге әсер етпейді» - деп айту ұят және ешқандай қисынға келмейді.

Екінші: Ресеймен ЕАЭО немесе өзге де жобалардың аясында жақын қарым-қатынас орнату. Егер ресми Астана дәл осы бағытты таңдайтын болса, онда Қазақстан Батыс елдерінің салған санкцияларының «ыстығы мен суығын» Ресеймен бірге көреді деген сөз. Ал Қазақстан экономикасының Ресеймен салыстырғанда әлде қайда кіші әрі әлсіз екендігін ескерсек, бұл сценаридің қайда апарып соғатынын бағамдау қиын емес.

Үшінші: Ресми Мәскеуден іргені алшақ салу. Қазақстанның билігінің дәл қазіргі жағдайда Ресейден алшақтауы мүмкін емес жағдай. Өйткені Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің қорғанысы мен экономикасы Ресеймен тығыз байланысты.Қазақстан экономикалық тұрғыда Ресейге анау айтқандай тәуелді болмаса да, қорғаныс саласында Ресейсіз қиындықтар туындайтыны анық. Себебі Орталық Азияның әуе қорғанысынан бастап, қарапайым терроризмге қарсы күресіне дейінгі аралықтағы қауіпсіздік мәселесі де осы Ресей арқылы шешімін табуда.

Жалпы алғанда қазіргі таңда ресми Астананың Ресей мен батыс елдері арасындағы текетіресте қандай саясат ұстанатыны Қазақстан үшін өте маңызды. Себебі ел экономикасына түсетін ауыртпашылықтардан айналып өту мен шетелдегі Қазақстан қаржысын қорғап қалу дәл осы саяси ұстанымға байланысты. Бұлай дейтін себебіміз АҚШ банкіне салынған 22 миллиард доллар Ұлттық қор қаржысы Назарбаев пен Тармптың кездесуінен кейін бұғаттан шығарылды. Бұл да елдің ұстанған саясатына байланысты дүние.  Ал қазіргі таңда шетелде Ұлттық қор қаржысынан бөлек, 18 компанияның 12,5 миллиард доллар қаржысы бар екендігін ескерсек, Қазақстан үшін Батыс пен Ресей арасындағы текетіресте «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» саясат ұстанған дұрыс шығар.

“The Qazaq Times”