Сүриядағы азаматтық соғыс осы айда сегізінші жылға аяқ басуда. 2011 жылдың наурыз айында наразылық шарасымен басталып, ақыр соңы Орта Шығыстағы ең ауыр соғыс ошағына айналған Сүриядағы азаматтық соғыста осыншама уақыт ішінде шамамен 400 мың адам өмірімен қоштасқан. Бұл соғыста 3 миллион адам жараланса, 1 миллион адам мүгедек болған. Сүриядағы осы бір зұлмат жылдардың кесірінен миллиондаған адам босқынға айналып, тарихи ғимараттар қайта түзеуге келместей болып, үйіндіге айналған.  

Сүриядағы азаматтық соғыстың алғашқы ұшқыны Иордания шекарасындағы Дера қаласында бас көтерген Асад билігіне қарсы наразылық шарасымен басталды. Күнтізбе бойынша, бұл 2011 жылдың 11 наурызына сәйкес келеді.

Фото: ntv.com

Асад режимі, Дера қаласындағы наразылық шараларын атыс қарулары арқылы ауыздықтауға тырысқан бойда, елдің барлық өңірінде қарсылық әрекеттері бой көрсетті. Наразылық шарасы әп-сәтте қарулы қақтығысқа айналды. Сүрия территориясында нағыз соғыс өрті тұтанды.

Фото: ntv.com

2012 жылдың жазында Сүрияның ең ірі қаласы әрі провинция орталығы Алеппода орын алған қақтығыс Сүриядағы азаматтық соғыстың шиеленіскен кезі болып саналады. Осы жылдың тамыз айында Асад режимі Шамға (Дамаск) жақын маңдағы Гутада химиялық жарылыс қолданып, шабуыл ұйымдастырды. Шам билігі бейбіт тұрғындарға қарсы зарин газын пайдаланып, күш көрсеткен еді.

Фото: ntv.com

Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндіргенмен, бәрібір Батыстың Шам билігіне әскери тұрғыдан араласуы үшін жеткілікті емес еді.

Фото: ntv.com

Жеті жыл бойы толастамаған азаматтық соғыстың ушыққан кездерінің бірі ретінде 2014 жылдың маусым айындағы оқиға аталады. ДАИШ террорлық ұйымы, Сүрия мен Ирактың солтүстігіндегі басып алынған аймақтарда "халифалық" жариялады.

Фото: ntv.com

Үш айдан кейін АҚШ-тың жетекшілігіндегі халықаралық одақ ДАИШ-қа қарсы әуе шабуылдарын бастады. Соғыс барысын өзгерткен бұл оқиға 2015 жылдың қыркүйек айында орын алды.

Фото: mynet.com

Сүрияға әскери нысандарын орналастырған Ресей, Асад режиміне қолдау көрсету үшін әскери операцияларды қолға алды. Алайда, Мәскеудің килігуімен жағдай бұрынғыдан да ушыққан еді.

Фото: ntv.com

Азаматтық соғыс сегізінші жылға аяқ басқанда, яғни үстіміздегі жылы Шам билігі қалалар мен қалашықтарда бақылау орнатуды сәтті жүзеге асырды. Алайда, елдің төрттен біріне жуығы әлі де болса "Күрдтердің халықтық қорғау отрядының" (YPG) жетекшілігіндегі "Сүрия демократиялық күштерінің" (АҚШ-тың да қолдауындағы) уысында. 2 миллион 600 мың халқы бар Идлиб қаласы да қарулы күштердің бақылауында.

Фото: mynet.com

Сүриядағы азаматтық соғыста Түркия да белсенділердің бірі болып саналады. Түркия 2016 жылдың 24 тамызында "Евфрат қалқаны" операциясын қолға алды. 7 ай, 5 күнге жалғасқан операция арқылы Сүрияның Джераблус, әл-Баб және Дабик қалалары бақылауға алынды. Шекарадағы Түркияға бағытталған зымыран қаупі жойылды. Ал, осы жылдың 20 қаңтарында Афринге бағытталған "Зәйтүн бұтағы" операциясы басталды.

Сүриядағы дағдарысты шешу үшін 2012 жылы Женевада кездесу ұйымдастырылды. 2016 жылы Түркия мен Ресейдің араласуымен Астана бейбіт келіссөзі басталды. Астана бейбіт келіссөзі арқылы Сүрияда Түркия, Ресей және Иран елдерінің кепілдік болуымен "даулы аймақтар" құрылды. Алайда, халықаралық басылымдар Астанада өткен Сүрия жанжалын реттеу келіссөзінің "нәтижесіз" болғанын жарыса жазды.

Фото: qazaquni.kz

Сүрия соғысы және сандар

БҰҰ-ның, сондай-ақ орталығы Лондонда орналасқан Сүрия Адам құқықтары жөніндегі ғылыми мекеменің мәліметінше, 2011 жылы басталған Сүрия азаматтық соғысында барлығы 353 мың 935 адам мерт болған. Аталған мекеменің айтуынша, өмірімен қош айтысқандардың 106 мың 390-ы қарапайым халық. Ал осы қарапайым халықтың 19 мың 811-і балалар және 12 мың 513-і әйелдер екен. Осы айтылған сандар қаза болғандардың тек ресми тіркелгендері ғана. Әйтпесе, Сүриядағы соғыста ажал құшқандардың саны бұдан әлдеқайда көп, яғни 500 мыңнан асады.

Фото: ntv.com

Халықаралық мүгедектер ұйымы (Handicap International) берген мәлімет бойынша, Сүрия соғысында барлығы 3 миллион адам жарақаттанған. Олардың 1 жарым миллионы соғыстың кесірінен мүгедекке айналған. 2017 жылы "Халықаралық рақымшылық ұйымы" (Amnesty International) жасаған мәлімдемеде Шам маңындағы Сайедная түрмесінде 2011 және 2015 жылдары арасында шамамен 13 мың адамның асылып өлтірілгені туралы мәлімет берген. 17 мың 700 адамның соғыс басталғаннан қазіргі уақытқа дейін қамауда екендігіне қатысты болжамдар да бар. Сүрия Адам құқықтары жөніндегі ғылыми мекеме 2011 жылдан бері ең аз дегенде 60 мың адамның зорлық-зомбылық пен күш көрсету әрекеттеріне немесе өте ауыр шарттарға төзе алмай қаза тапқандықтары туралы ақпарат берді.

Фото: ca-news.org

Сүрияның жалпы халық саны соғыс басталмай тұрып 23 миллион болған екен. Ал бүгінде барлығы 11 миллион сүриялық соғыс кесірінен елін тастап кетуге мәжбүр болған. 6,1 миллион сүриялық (2,8 миллионы балалар) үй-жайынан айрылып, өз елдерінің территориясында босқынға айналған. Ал  5,4 миллионнан астам сүриялық (жартысын балалар құрайды)Түркия, Ливан, Иордания, Ирак және Мысыр секілді көрші елдерге бас сауғалаған.

Фото: ntv.com

Сүриялық босқындарға есігін ашқан елдердің көшін 3,5 миллион босқын қабылдаған Түркия бастайды. Ал Ливанда шамамен 1 миллион, Иорданияда БҰҰ статистикасы бойынша 660 мың босқын өмір сүруде. Иордания үкіметі бұл көрсеткіш одан да көп, яғни 1,3 миллион деп хабарлап отыр. Сонымен қатар, жалпы мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Иракты 246 мың, Мысырды 126 мың босқын паналап жүр.

Фото: ntv.com

Сүрия халқының жартысына тең, 5,3 миллионын балалар мен жастар құрайтын 13,1 миллион адам көмекке мұқтаж. Сүрия халқының үштен бірінің таза ауыз су пайдалану мүмкіндіктері мүлдем жоқ, сондай-ақ шамамен 69 пайызы жоқшылықта өмір сүруде.

Фото: ntv.com

Сүрия азаматтық соғысы кезінде көптеген мәдени оқиғалар ұйымдастырылған тарихи ғимараттар қайта түзетуге келместей етіліп, жермен-жексен етілген. Мамандар, соғыстың Сүриядағы инфрақұрылымға орны толмас зарар әкелгенін айтуда. Соғыстың жеті жылынан кейін Сүриядағы аурухана мен өзге де денсаулық сақтау орталықтарының тек жартысы ғана пайдалануға жарамды күйде.

Фото: ntv.com

2017 жылы мектеп пен басқа да білім беру орталықтарына бағытталып ұйымдастырылған барлығы 67 шабуыл тіркелген. 7 мың 400-ден астам мектеп, әскери қақтығыстардың салдарынан қиратылып, мүлдем жарамсыз күйге түскен. Сонымен қатар, 2017 жылы аурухана мен өзге де денсаулық сақтау орталықтарына қарсы барлығы 108 шабуыл жасалған.

Фото: ntv.com

Мамандардың пікірінше, соғыс Сүрия экономикасын 30 жыл артқа шегіндірген. Шам қаласында қызмет ететін министрлердің айтуларынша, мұнай өндірісі осы жеті жыл ішінде ең төменгі деңгейге түсіп, фосфат экспорты мен электр энергия өндірісі елеулі түрде азайған.

Фото: ntv.com

2017 жылдың шілде айында Дүниежүзілік банк тарапынан соғыстың экономикалық және қоғамдық салдарына қатысты жасалған баяндамада, жалпы ішкі өнім бойынша жиынтық шығынның 226 мрд. доллар құрағаны айтылған еді.

Фото: ntv.com

2017 жылы Сүрияға баспанасынан айрылған шамамен 655 мың адам елдеріне кері қайтқан. Босқын ретінде бас сауғалаған көрші елдерден Сүрияға оралғандардың саны 70 мыңға жуық.

Қорыта айтқанда, Сүриядағы азаматтық соғыстың жеті жылда талай жазықсыз жанның өмірін жалмағаны анық. Саусақпен санағандай, санмен өлшеп қоямыз. Бірақ бала болсын, басқа болсын, бәрі де бір-бір жан иесі емес пе?! Бұл соғысқа нүкте қойылар күнді күткендердің үміті қашан ақталары да белгісіз. Сегізінші жылда сені қандай "сый" күтіп тұр екен, соры бітпеген Сүрия...

 

The Qazaq Times”