Үндістанның Жоғары соты жаңа шешімін жария етіп, айықпас дертке шалдығып жаны қиналған адамның өз еркімен өлуіне рұқсат етті. Үндістанның жоғары соты аталған «өз еркімен өлуді заңдастыру» туралы шешімде: «Адамдар өз еркімен өлуге құқылы», – делінген. Бұл туралы BBC хабарлады.

Айықпас дерттен азап шегіп, жаны қиналған адамның өз еркімен өлімді таңдауын Эвтаназия деп аталады. Яғни, эвтаназия – ауру азабына төзбеген адамның өз өмірін сақтап тұрған аспапты тоқтату немесе басқа әрекет, әлде бір құралдың көмегімен өлімге баруы. Бұл тек айықпас әрі аурудың жан төзгісіз азабына ұшыраған адамдарға ғана қолданылады.

Эвтаназия. Фото: Открытая Азия.

Үндістан эвтаназияны заңдастырған әлемдегі бірден бір ел емес. Эвтаназия ең алдымен Нидерландыда заңдастырылған. Соның өзінде бұл аталған елдің парламентінде ұзақ уақыт талқыға түскен. Католик және протестант шіркеулерінің қарсылығына қарамастан 2001 жылы Нидерландыда аталған заң қабылданып, бір жылдан кейін күшіне енген. Бұл заңға сәйкес, ауыр азаптан жаны қиналған адамның өз еркімен өмірден уаз кешкені туралы өтінішін, алдымен этика бойынша комитет қарап шығып, бұл процедураны атқарып тұрған дәрігерге рұқсат етеді. Ауру азабынан қиналған адамдардың өтінішін орындауға көмектесетін арнайы эвтаназия қызметі бар. Дегенмен, бұл заң сол елде жасап жатқан шетелдіктерді қамтымаған.

Ал, еуропалықтар арасында эвтаназия үшін Швейцарияға баратындар саны жылдан жылға артып келе жатқаны мәлім болған. Бірақ, бұл адамдар арасында өмірден түңілген немесе депрессияға шалдыққандар да кездеседі. Бірақ, олардың өлімді таңдауына дәрігерлер мен арнайы қызметкерлер жол бермейді. Керісінше олардың сауығып кетуіне көмектеседі. Ал, эвтаназияның тізіміне кіру үшін қат-қабат тесттер мен сынақтардан өтіп, дәрігерлер мен психологтардың сынынан сүрінбей өтіп, өлімді шындап қалағанын дәлелдей алғандар ғана алынады.  Эвтаназияның ең соңғы басқышы жанды алатын дәріні беруден бұрын дәрігерлер «Бұл дәрі сіздің жаныңызды алады» деген соңғы ескертуді жасайды. Осыған дейін өмірін шындап қиған адамның заңды құқығын орындайды.

Бельгияда да осындай заң қабылданған. Бұл елдердің арасына енді Үндістан қосылды. Бұл кезінде әлемге танымал болған үнді фильмдерінің бірі «Guzaarish»-ты еске түсіреді. Онда атақ пен даңқты, байлық пен марапатты белшесінен кешкен цирк шеберінің тағдыры әңгімеленеді. Бір рет жазатайым оқиғадан өмір бойы сал болып қалған жігіт ұзақ уақыт қайсарлықпен өмірін жалғастырады. Оған бір ақылды көмекші әйел қарасады. Қаншама орталарда өмірді сүюге, қайсарлықпен өмірді жалғастыруға адамдарды жігерлендіріп, лекция сөйлеген жігіт соңында өз ауруының азабына және махаббаттың жанға батқан құсалығына шыдамай, Үндістан сотынан эвтаназияға рұқсат етуін сұрайды. Оның соты сол кездегі Үндістанды дүр сілкіндіреді. Күллі дән мен мизамдар, адамзаттың қолдан жасаған қаншама жосын-жоралғысы жабылып жігітті сотта жеңеді. Бірақ, жігіт .... бұл фильмге Үндістандағы бай тарихының философиясы ғана емес, тұтас адамзат қоғамның тартысы кірістірілген.

Үнді фильмі "Гузариш" Фото: New On Netflix USA.

Әрине, бір қарағанда миға кірмейтін бұл бір заң, қаншама жыл Үндістан сотының басын қатырып келді. Өлген адам қайтып келе алмайтын болғасын да өлім адамзаттың ең үлкен ақиқаты. Бұл ақиқатқа өзін итермелеу біздің қазіргі болмысымызға жат. Бірақ, эвтаназияны адамның төл құқығына балайтын елдер саны жыл сайын көбейіп келеді.

“The Qazaq Times”