Лос-Анжелестегі "Долби" театрында АҚШ киноөнері академиясының жүлдесі, әлемдік деңгейдегі танымал "Оскар" сыйлығын табыстау рәсімі өз мәресіне жетті.

Сонымен, "Оскар" сыйлығына лайық және символдық мүсінге қол жеткізген ең қарт адам ретінде Джеймс Айвери танылды. Қазір оның жасы 89-да, ол айтулы жеңіске "Ең үздік бейімделіп жазылған сценарий" номинациясы бойынша "Мені өз атыммен ата" фильмі арқылы қол жеткізді. "Оскар" тарихында бүгінге дейін бұл рекордты 82 жастағы Кристофер Палмер жасаған болатын.

Ал "Ең соны сценарий" номинациясын "Жоғал" картинкасы үшін Джордан Пил алса, "Ең үздік оператор" номинациясының жүлдесі Роджер Диккенске табысталды.

"Ең үздік монтаж" үшін Оскар сыйлығы "Дюнкерк" фильмімен режиссер Кристофер Ноланға бұйырды. Сонымен қатар, бұл фильм "Ең үздік дыбыс монтажы" және "Ең үздік дыбыс үйлесімділігі" номинациялары бойынша да марапатталған.

Ең үздік анимациялық толық метражды фильм ретінде "Pixar" студиясына тиесілі "Коко" танылды. "Шет тіліндегі ең үздік фильм" номинациясына Себастьян Лелионың "Фантастикалық әйел" фильмі лайық деп танылды. "Екінші деңгейдегі ең үздік актриса" номинацисын "Мен, Тоня" картинасындағы Лавони Фей Голден рөлі үшін Эллисон Дженни жеңіп алды.

Бұдан бөлек, "Зұлмат кезеңдер" фильмінде Уинстон Черчилдің рөлін сомдағаны үшін "Жылдың үздік актері" номинациясымен Гэри Олдмэн марапатталды.

Әрине, "Оскар" иегерлерінің тізімі мұнымен бітпейтіні анық. Жоғарыда аталғандардан өзге, түрлі номинациялар бойынша тағы басқа көптеген кино саласының мамандары беделді сыйлықпен марапатталды.

Айта кетерлігі, тарихи марапат биылғы жылы 90-шы рет өткізіліп отыр, яғни ол да өз кезегінде мерейтойын тойлады.  Сонымен қатар, бұл жылғы айтулы шара әдеттегі үрдісінен жаңылып, 9 және 25 ақпан аралығында Кореяда өткізілген Қысқы Олимпиада ойындарына тұспа-тұс келгендіктен, ақпан айында емес, наурыз айында өтіп отыр.

“The Qazaq Times”