Бүгін ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен СҚО-да болды. Алдымен бірінші вице-премьер Петропавл әуежайына барды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұдан соң Асқар Маминге облыста 2018 жылы жол жөндеу бойынша атқарылатын жұмыстар туралы баяндалды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары жаңадан салынып жатқан «Жас Өркен» ықшам ауданындағы оқушылар сарайының құрылыс барысымен танысты. Асқар Маминге «Жас Өркен» ықшам ауданының құрылыс жоспары да таныстырылды. Бұл шағын ауданда 2700 пәтерді қолданысқа беру көзделген, мектеп бой көтереді. Қазірдің өзінде спорт сарайы және теннис орталығының құрылысы аяқталды.
Жиналыста Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысы талқыға түсті. Асқар Мамин форумның жоғары деңгейде өтетіндігіне сенімін жеткізді. Форумның тақырыбы - «Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері». Асқар Мамин туризм тақырыбының таңдалуы кездейсоқ емес дейді.
«Біз туризм саласын дамытуға көп көңіл бөлеміз. Бұл саланың потенциалы жоғары. Петропавл кездейсоқ таңдалынып алынған жоқ. Сіздердің өңірлеріңіз туризм саласында үлкен мүмкіндіктерге ие. Туристер туралы айтатын болсақ, біздің назарымыз Ресей нарығына да ауып отыр. Форум өңірдің және жалпы Қазақстанның туризмдегі бар потенциалын көрсетуге үлкен мүмкіндік беріп отыр»,- деді Асқар Мамин.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі туризмнің дамуына да кеңінен тоқталып өтті. Өңір басшысы оқушылар сарайын IT-технологиялармен жарақтандыру туралы баяндады. IT орталықта танымдық және ойын-сауық қызметтерінің түр-түрі көрсетіледі. Бұл киностудия, кибер қауіпсіздік және виртуалды шындық кабинеті, бағдарлау зертханасы, кинотеатр және тағы басқалары. IT орталық өңірде балалар туризмін дамытуға өз септігін тигізбек.
«Туризм тақырыбы өңірге және еліміздің туризм саласына үлкен серпін бермек. Қазір салынып жатқан Оқушылар сарайына Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлерінен балалар келу керек. Орталық соңғы IT технологиялармен жарақтандырылмақ. Балаларға арналған ойын-сауық түрлері көп болады», -деді Құмар Ақсақалов.
СҚО-да туризм саласында бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Имантау-Шалқар курорт аймағында демалыс орындары және автокаранинг салынады. Тағы бір жоба Қызылжар ауданында жүзеге аспақ. Петропавлда «Dostyk Mall» сауда-ойын-сауық кешені ашылады.
Бірінші вице-премьер облыс орталығындағы бірқатар өнеркәсіп кешендерін аралады. Асқар Мамин ЗИКСТО, ПАМЖ және Киров атындағы зауыттардың даму перспективасымен танысты.