БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дужарик Шығыс Гута және жалпы Сүриядағы жағдай туралы мәлімдеме жасады. Ол Қауіпсіздік кеңесінің қарарынан кейін де, соңғы 48 сағаттан бері Шығыс Гутадағы атыстың тоқтамағанын, әйелдермен балаларды қамтыған 30 адам қаза болғанын мәлімдеді. Дужариктің айтуынша, 19 ақпаннан бері кемінде 500 адам қаза тауып, 1500 адам жарақат алған. Дамаскінің өзінде шабуылдардан 14 адам көз жұмып, 214 жазықсыз бұқара зардап шеккен. Бұл туралы «Шинлаң» ақпараттық сайты хабарлады.

БҰҰ өкілі Сүриядағы қайсы топтардың террорлық топ екенін және гуманитарлық көмек үшін нақты қайсы аймақтарда атысты тоқтату бітімінің жүзеге асып жатқанын айтып беру қиын деді. Дужарик сөзінде: «Біз Сүриядағы зардап шеккен жазықсыз бұқараларға гуманитарлық көмек жеткізу үшін барлық тараптың атысты тоқтатуын үміт етеміз», – деді.

Мәскеу тарабы Сүриядағы ресейлік қарулы күштерге әр күні 5 сағат гуманитарлық үзіліс беретінін мәлімдеген. Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдемесінде, президент Путиннің бұйрығымен әр күні 09:00 ден 14:00 аралығында жай бұқаралардың аймақтан шығып кетуіне және гуманитарлық көмектерді қабылдауына мүмкіндік беретіндерін айтты.

Ресейдің бұл шешімі туралы БҰҰ өкілі Дужарик: «5 сағаттық үзіліс, бұл жоқтан көрі жақсы. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 30 күндік атысты тоқтату қарарының орындалғанын көргіміз келеді», – деді.

Шығыс гуталық жай бұқара қазіргі кезде гуманитарлық көмекке зәру. Әуе шабуылдарынан 24 аурухана немесе медициналық орталықтар зардап шеккен. Шабуылдан зардап шеккен жандарға толық көмек көрсету мүмкін емес.

Сүрияның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірген Еуропа парламенті «Астана процесінің кепілгері болған Ресей, Иран және Түркияның бұл жерде ерекше жауапкершілігі бар», – деп отыр.

“The Qazaq Times”