Солтүстiкте қазiр құрылыс үлкен қарқын алған. 2017 жылы 200 мың шаршы метр баспана пайдалануға берiлдi. 1463 отбасы пәтердiң кiлтiн алды. Халыққа есеп берген облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың сөзінше, биыл құрылыс қарқыны одан сайын үдей түседi.
2018 жылы 229 мың шаршы метр қолдануға берiледi. 1600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Әсiресе, әлеуметтiк тұрғыда аз қамтылған отбасыларға көп көңiл бөлiнiп келедi.
Петропавлда биыл жаңа «Жас Өркен» және «Солнечный» кентiнде шағын аудандар бой көтередi. Қазiр Солнечный кентiнде қызу жұмыс жүрiп жатыр. Жыл соңына дейiн 211 жеке үй пайдалануға берiледi. Екi қабатты таунхаустар салу жоспарланған. 3 жылда екi мыңнан аса үй салынбақ.
«Жас Өркен» шағын ауданында да ауқымды құрылыс жұмыстары жүргiзiлуде. Биыл мектеп, оқушылар сарайы, қазақ театры салынады. Теннис орталығының құрылысы аяқталды. Бұл ауданда 2700 пәтердi қолданысқа беру жоспарланған. Сондай-ақ қалада биыл әлемдiк талапқа сай Hampton by Hilton қонақ үйi мен «Dostyk Mall» iрi сауда кешенi ашылады.