"Көлік елі" саналатын Германия көлік кептелісін азайту, ЕО-ның ауаны ластамауға байланысты шарттарын орындау және айыппұл төлемеу үшін қоғамдық көліктерде халыққа тегін жүруге рұқсат беру сияқты радикалды шараға барып отыр, - деп хабарлайды The Guardian ақпарат агенттігі.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Барбара Хендрикс (Barbara Hendricks) және тағы екі министр ЕО-ның қоршаған ортаның қорғау комиссионері Кармену Виллаға (Karmenu Vella) жазған хатында "Жеке көліктердің санын қысқарту үшін қоғамдық көліктерде жүруді тегін етеміз" деген болатын.
Бұл жоба осы жылдың соңында Германияның 5 қаласында (бұрынғы астанасы Бонн, индустриалды қалалар Эссен мен Манхеймді қосқанда) жүзеге асады.
Сейсенбі күні талқыланған тегін жүру ұсынысынан басқа жиналыста автопарк, автобус және таксилердің ауаға шығаратын лас заттарын шектеу, көлікті бірігіп пайдалану схемасын ойластыру сияқты ұсыныстар да ортаға тасталды.
Испания, Франция және Италияны қосқанда ЕО-ның Германиядан басқа 8 мүшесі ЕО-ның ауаға бөлінетін азот диоксиді мен оның бөліктерін шектеуге қатысты шараларды 30 қаңтарға дейін қабылдау керек болатын. Бірақ аталған мерзімге бұл елдер нақты шараларды жүзеге асырып үлгермеді, сол себепті соттан шақырту алғысы келмесе, жақын арада міндетті түрде әрекетке көшу керек.
Комиссияның мәліметінше, ауаның "өмірге қауіп төндіретіндей" ластануы Еуропаның 130-дан астам қаласындағы 400 мыңнан астам адамның өліміне әкеліп, жылына 20 млн еуро (24,7 млн АҚШ доллары) шығынды қажет етеді.
Ауаны ластамауға қатысты ЕО талаптарын орындамаған елдерге Еуропа сотында іс қозғалып, олар үлкен көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Соңғы жылдары Берлиндегі ауаның ластануы ең жоғарғы көрсеткішке жетті.
2015 жылы Volkswagen компаниясының әлем бойынша 11 млн автокөлікті нормативті сынақтан өткізу кезінде ауаға шығаратын зиянды заттары туралы көрсеткіштерді дұрыс көрсетпегені анықталғаннан кейін басқа да автокөлік өндірушілеріне қатысты күмән туды. Экологтар жедел дабыл қағып, жүргізушілерге зиян келтіруі мүмкін деген қауіппен қаланың кейбір аймақтарында дизельді пайдалануға тыйым салуға қатысты сот ісін қозғады. BMW, Mercedes-Benz, Daimler, Volkswagen сияқты алпауыт көлік шығарушы компаниялар жергілікті транспорттың модернизациясы үшін қорға 250 млн еуро төлеуге келісті.
Greenpeace есебіне сәйкес, көлік фирмалары электрлі көліктер, гибридті модельдерді шығаруды қазір қолға алып жатыр.
Германияда қоғамдық көлік жоғары сұранысқа ие. Соңғы 20 жыл бойы көлік пайдаланушыларының саны бірте-бірте ұлғайып келді, ал 2017 жылы 10,3 млрд адамды құрады.
Басқа еуропалық елдермен салыстырғанда Германияда қоғамдық көлікпен жүру арзан. Мысалы, Берлинде бір билет 2,90 еуро, ал Лондондағы метро билеті 4,90 фунт (5,50 еуро немесе 6,80 АҚШ доллары) тұрады.
Бонн қаласының әкімі Ашок Шридхаран (Ashok Sridharan): "Қоғамдық көлікте жүруді тегін қылғаннан кейін ЕО талаптарына сай келетін электрлі автобустарға бірден өсетін сұранысты толықтай қанағаттандыратын бір де бір көлік өндірушісін көре алмай отырмын", - деді.
Әлемнің басқа елдерінде де қоғамдық көліктерді тегін ету идеясы ұсынылды, бірақ ешқайсысы нақты жүзеге аспады (америкалық Сиэтлда да).
Әзірге бір жайт қана белгілі: вагондардың санын, персонал санын, жолдар мен метро тізбектерін көбейту керек. Ал оның барлығына қаражат жете ма екен?