Gallup International тәуелсіз зерттеу агенттігі қауымдастығы жасаған бақыт индексінде Қазақстан 74 пайыз көрсеткішпен жетінші орынды иеленді.

Сондай-ақ, ең бақытты елдердің алғашқы ондығына Фиджи, Колумбия, Филиппин, Мексико, Вьетнам, Папуа – Жаңа Гвинея, Индонезия, Аргентина және Нидерланды кірген.

Gallup International тәуелсіз зерттеу агенттігі ұсынған мәлімет.

Зерттеу авторларының пікірі бойынша, ең бақытсыз елдер тізімінде Украина, Ирак және Иран тұр.

Зерттеу кезінде "2018 жыл өткен жылға қарағанда өте жақсы болады деп есептейсіз бе?" деген сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 46 пайызы жақсы болатынын айтса, 11 пайызы нашар болатынын, 36 пайызы аса өзгеріс болмайтынын айтқан. Ал 7 пайызы жауап беруден қалыс қалған.

Сауалнамаға әлемнің 55 елінен 54 мың адам қатысқан. Сауалнамаға қатысушыларға көбіне бақыт туралы сұрақ қойылған.

Респонденттердің  көбі (59%) өздерін бақытты сезінетіндерін айтса, сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам өздерін "бақытсызбын" (11%) деп есептейді екен. Ал қалғандары өздерін не бақыттылардың, не бақытсыздардың санатына қоспайтындарын айтқан.

Осылайша сауалнамаға қатысқандардың берген оң және теріс жауаптарының айырмашылығы есепке алынып, әлемдік бақыт индексі 48 пайыз көрсеткішті құраған.

“The Qazaq Times”