«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2017 жылғы экологиялық мониторингтің қорытындысын шығарды. Мониторинг бойынша 7 елді мекен ластану деңгейі ең жоғары өңірлер тізіміне енді.
Мәліметке қарағанда бір жыл ішінде 49 елді мекенде мониторинг жүргізілген. Олардың ішінде 32 елді мекен ластанудың «төменгі» деңгейіне, 10 елді-мекен ауа ластануы деңгейінің «көтеріңкі» класына және 7 елді мекен (2016 жылы 9) ауа ластануы деңгейінің «жоғары» класына жатқызылды.
Сонымен ластанудың жоғары деңгейдегі қалалар: Жезқазған, Қаратау, Қарағанды, Шымкент, Теміртау, Өскемен және Глубокое кенті.
Ластанудың көтеріңкі деңгейіндегі қалалар: Астана, Алматы, Ақтөбе, Жаңатас, Семей, Риддер, Тараз, Ақтау, Балқаш, Шу.
Ластанудың төменгі деңгейіндегі қалалар: Степногор, Ақсай, Арқалык, Жітіқара, Зырянов, Кентау, Лисаковск, Рудный, Саран, Қостанай, Түркістан, Орал, Көкшетау, Атырау, Петропавл, Ақсу, Қызылорда, Павлодар, Жаңаөзен, Құлсары, Екібастұз, Талдықорган қалалары және Березовка, Бейнеу, Ақай, Төретам, Қордай, Сарыбұлақ, Январцево, Қарабалық кенттері, «Бурабай» КФМС мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағы.
"Атмосфералық ауа жай-күйіне бақылау республиканың ірі қалалары мен өнеркәсіп орталықтарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта атмосфералық ауа жай-күйіне бақылау 49 елді-мекендегі 146 бақылау бекетінде, соның ішінде 56сынамаларды қолмен іріктеу бекетінде және 90 автоматты бекетте жүргізіледі. Сондай-ақ, бақылау 14 жылжымалы зертханалардың көмегімен жүзеге асырылады", - делінген хабарламада.
Мәліметке сенсек, 2016 жылмен салыстырғанда атмосфералық ауа ластануының деңгейі Алматы, Астана, Қызылорда, Балқаш және Бейнеу мен Ақай ауылдарында төмендеп, оң динамика байқалған.
Дегенмен Ақтау, Қаратау, Өскемен және Глубокое кентінде атмосфералық ауа ластануының деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда өсті.
Басқа елді мекендерде ластану деңгейі 2016 жылғы деңгейде қалды.
Қазгидромет мамандары азот диоксиді, көміртегі тотығы, күкірт диоксиді, формальдегид, күкіртті сутегі, PM қалқыма бөлшектері, фенол және аммиак бойынша ластанудың жоғары және өте жоғары деңгейі негізгі үш факторға: жол трафигіне, өнеркәсіптік қондырғылардан шығарындыларына және елді мекендердің төмен желдетуіне байланысты болатынын байқады.
2017 жыл бойы атмосфералық ауаның жоғары ластануының (ЖЛ) 990 жағдайы және төтенше жоғары ластанудың (ТЖЛ) 98 жағдайы мына қалаларда:
Ақтөбе - күкіртті сутегі бойынша ЖЛ 141 жағдайы мен ТЖЛ 3 жағдайы;
Балқаш - күкіртті сутегі мен қалқыма заттар бойынша ЖЛ 13 жағдайы және күкіртті сутегі бойынша ТЖЛ 1 жағдайы;
Қарағанды - РМ 2,5 қалқыма бөлшектер және көміртегі тотығы бойынша ЖЛ 45 жағдайы,
Атырау – күкіртті cутегі бойынша 357 ТЖЛ және 75 ЖЛ жағдайы (сондай-ақ Agip KCO және АМӨЗ бекеттерінің деректері бойынша);
Жітіқара - азот диоксиді бойынша ЖЛ 1 жағдайы;
Петропавл – сутегі күкірті үшін 11 ЖЛ және 1 ТЖЛ жағдайы;
Өскемен – күкіртті сутегі бойынша 419 ЖЛ және 18 ТЖЛ жағдайы;
Теміртау- күкіртті сутегі бойынша ЖЛ-ның 3 жағдайы тіркелген.
Тіркелген ТЖЛ мен ЖЛ әрбір жағдайында ҚР Энергетика министрлігі, ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті себептерін анықтап, шаралар қабылдау үшін хабардар етілді.
Жүргізілген радиациялық мониторинг бойынша радиациялық гамма-аяның орташа мәндері мен Қазақстан Республикасы елді-мекендері бойынша атмосфераның жерге жақын қабатының радиоактивті түсімдерінің орташа тәуліктік тығыздығы шекті-рұқсат етілген деңгейден аспаған.