БҰҰ-ның мәлімдеуінше, Йемендегі Хаути қозғалысына қарсы күресіп жатқан Сауд Арабиясы коалициясы өткен жылдың жазынан бері жалғасып келе жатқан балалар өліміне жауапты. Бұл коалиция 2017 жылдың шілде мен қыркүйек айлары аралығындағы 68 баланың өлімі мен 36 баланың жарақаттануына себепкер болған. Кейбір мектептер мен үйлерге коалиция күнде рейд жүргізіп отырғаны анықталды. Бұл туралы БҰҰ-ның қарулы кикілжіңдер мен балалар жөніндегі Кеңесі дайындаған есебінде айтылған, деп хабарлайды Al Jazeerа ақпарат агенттігі.
Сауд Арабия басқа да араб халықтарымен бірге Йеменге әскери күштерін 2015 жылы кіргізген болатын. Мұндағы мақсат - Хаути қозғалысы өкілдерінің 2014 жылы елде орнатқан билігін өздеріне қайтару. Ал Сауд Арабия коалициясының интервенциялық әрекеттері бомбалау, әскери-теңіз блокадасы мен Йеменге құрлықтағы әскерді кіргізу болған.
Жоғарыда аталған есеп бойынша БҰҰ Хаути қозғалысы да 18 бала өліміне, 29 баланың жарақат алуына жауапты деген қорытындыға келген. Сонымен қатар Хаути қозғалысы және Йемен Ұлттық Әскерінің балаларды соғысқа араластыру жағдайлары да жиілеген.
БҰҰ-ның босқындар басқармасының жауапты хатшысы- Шабиа Манту Йемен астанасы Санадан Al Jazeerа-ға берген сұхбатында "Бұл жағдай тек балаларға емес, жалпы халықтың 75 %-на әсер етіп үлгерді. Әсіресе, әйелдер, егде жастағылар, мүгедектер және балалар қатты зардап шегуде. Осы кикілжің аяқталмайынша оның салдары да жалғаса беретіні анық. Сол себепті біздің қазіргі міндет - халыққа көрсетілетін гуманитарлық көмектің көлемін барынша ұлғайту", -деді.
БҰҰ-ның балаларға көмек көрсету басқармасының есебіне сүйенсек (БҰҰ Балалар қоры), 2015 жылдың наурызында кикілжің басталғаннан бері күніне орташа есеппен 5 бала, ал жалпы 5 мыңнан астам бала қайтыс болған немесе жарақат алған.