Естеріңізде болса, осы аптаның басында АҚШ Транс-Тынықмұхит Ынтымақтастық келісімнен (TPP) бас тартатындығы жария болған еді. Әлем экономикалық өсіміндегі көшбасшы елдің, еркін-сауда келісімдерінен бас тартуы дамыған және дамушы елдерді ойландырып тастады. АҚШ-тың өзіне пайдалы селбестік келісімдерден бас тартпасы анық. Олай болса, TPP-дан бас тартуға Американы қандай себеп итермеледі?

Жаһандану мен еркін-сауда келісімдері Америка экономикасына үлкен әсер еткені анық. Осыдан бұрын мұндай келісімдер дамыған елдердің экономикасын жебеп келді. Дамыған елдердің өндіріс секторлары дамушы елдердің базарын көздеп, екі жақты немесе көпжақтылы әріптестік селбестік ұймдар санын арттырды. Қазірге дейін құрылған мұндай селбестік ұйымдардың санына жетудің өзі қиын. Десе де, TPP-ның бұл жағындағы аброй-атағы жоғары еді. Ол Тынық мұхитқа шектесетін барлық елдерді қамтып, әлемдегі еркін-сауда селбестіктеріндегі ең ауқымдыларының бірі болды.

Өз еліндегі өндірушілердің зардап шекпесі үшін, барлық дамушы елдердің үкіметі тиісті шаралар қолданып келді. Үкіметтік жебеулер, импорттық салықтар жағында жасалған шаралар ұзақ жылдардан кейін өнімін берді де, ендігі зардап шегушілер дамыған елдердегі өндірушілерге айналып қалды. Бір ғана мысал – АҚШ-та жасалған тауарлар Қытайдағы үлкен базарға қызығып, өз өнімдерін кіргізуге тырысты. Бұдан пайдаланған қытайлық өндірушілер АҚШ-та сұранысқа ие өзге тауарларды Америкаға апарды. Осының бәрі еркін сауда келісімі аясында жүрілді. Бірте-бірте дамыған елдердегі өндірушілер, жанталаса қарманған дамушы елдерге бәсекелес болуға қауқарсыз тартты. Өндіріс иелері тиісті көмек те ала алмады. Бұған дамыған елдерден басталатын сан реткі экономикалық дағдарыстарды қосыңыз. Нәтижесінде, дамушы елдердің, әсіресе, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экономикалық өсімі әлемде көш бастап шыға берді.

Мұның бәрі америкалықарға ауқымды сауда келісімдерге деген жаңа көзқарасты орнатты. Өткен жылғы АҚШ президент сайлауындағы америкалықтардың басты назарға ұстағаны – Жаһандану мен иммиграция мәселесі болды. Шын мәнісінде бұл сайлау – америкалықтардың жаһандануға қарсылығы. Сайланған президент Доналд Трамп бұл нүктені тап басып түсті. Оны қолдайтындардың санының басым болуы заңды, әрине. Себебі, ол америкалықтар зардап шеккен тақырыптарды көтеріп, АҚШ мүддесін ту етті. Таққа отырған Трамп сауда және сауда келісімдерден зәбір көрген ондірушілерге тап келді. Қызметіне кіріскен алғашқы күні-ақ, өзі уәде еткендей келімсектерді шектеді, сауда селбестік келісімдерден бас тартты.

Трамптың таққа отыруы – АҚШ сауда-экономикасының жаңа кезеңі.  Ол болашақ барлық еркін сауда келісімдерден бас тартуы бек мүмкін. Есесіне екіжақты келісімдер жасауды нығайтады. Бұл да Ұлыбринатияның ЕО-дан бас тартқаны секілді, ғаламдық біртұлғаланудың (жаһанданудың) кері процессі.

Естай БОЖАН

“The Qazaq Times”