Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятовтың Біріккен Араб Әмірліктеріне 12 миллион доллар қаржы салғаны анықталды – деп хабарлайды Ферғана ақапарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, Рустам Иноятов 2017 жылдың наурыз айының 22-сі күні Біріккен Араб Әмірліктерінде шейх Мансур ибн Зайд әл-Нахаянмен кездескен. Өзбекстанның ресми БАҚ өкілдері таратқан ақпарат бойынша, Иноятов пен әл-Нахаян екі ел арасындағы әріптестікті дамыту жөнінде келіссөздер жүргізген.
Бірақ OSI Ашық тексеру (Open Source Investigation) жобасының өкілдері ресми мәлімдемелермен келіспейді. Олардың ойынша, Иноятов мемлекеттік қызметін пайдалану арқылы өзінің Дубайдағы бизнесін басқарып отыр. Ол наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктерінде шейх Мансур ибн Зайд әл-Нахаянмен ресми емес кездесу өткізген. Аталмыш кездесуден кейін 4 айдан соң 2017 жылдың тамыз айында «Capital Engineering Consultancy» компаниясы Дубай қаласының Jebel Ali Industrial-1 мекен-жайында құны 12 миллион долларлық бес қабатты ғимараттың құрылысын бастайтындығын мәлімдеген. Ал ол ғимарат Рустам Иноятовтың күйеубаласы Бахтияр Иргашевтың атына тіркелген. Бұдан бөлек Иргашевтың есімі Рустам Иноятовтың ұлы Шариф Иноятовтың Австрияда тіркелген «Бениф Ханделс» компаниясының құжаттарында компания басшысының бизнес әріптесі ретінде көрсетілген.