Уашингтондағы (Вашингтон) тәуелсіз ғылыми зерттеу орталығы Freedom House жариялаған «2018 әлемдегі еркіндік баяндамасы», 200-ге жуық ел мен өңірге жүргізілді. Нәтижесінде 195 елдің ішінде «еркіндігі шектелген» немесе «еркіндігі белгілі мөлшерде шектелген» елдердің үлесі жартысынан көбін, айталық 55 пайызын иелеген. Бұл туралы «VOA» интернет басылымы жазды.

Қытайдың ұлы құрлығында (Тайван мен Гонконгты қамтымаған территория) адамдық құқық, демократия, еркіндіктің шектелетіні бұдан бұрын да айтылып келеді. Кезекті 100 балдық бағалауда Қытайдың бұл аумағы  14 балл көрсеткішпен қалды. Керісінше, Гонконгтағы еркіндік көрсеткіші өз қалпын сақтап, 59 балмен «белгілі мөлшердегі еркін» өңір саналған. Тибет автономиясы болса 1 балдық нәтижемен, әлемдегі еркіндігі ең көп шектелген аймақ саналып, 3 балл көрсеткіштегі Солтүстік Кореядан да төмен орынға жайғасты.  Тибет автономиясы мен бізге шекаралас Шыңжаң ұйғыр автономиялық районындағы (ШҰАР) жағдай бүтіндей қарайлас деуге болады.

Freedom House жетекшісі Майкл Абрамовиц (Michael Abramowitz) сөзінде: «Бүкіл әлем бойынша демократияның ең басты ұстанымы – еркіндікті қамтамасыз ету, сайлаудың ашық әрі әділ болуы, аз санды ұлттар құқығы толық қорғалу, басылым еркіндігі және барлық жерде заңмен жұмыс жасау болса, бүгінде «Қырғи-қабақ соғысынан» кейін тағы бір рет демократияға ауыр қауып төніп тұрғанын көруге болады», – деді.  

АҚШ  Даму орталығының зерттеушісі Жон Норрис те (John Norris)  қазіргі кезеңде адамзат үшін еркіндік құндылығының кері кеткенін ашық мойындады.  Ол және сөзінде: «Қытай мен Ресейдің демократиядан соншалық үрейленіп, оған қарсылық көрсетуі, олардың басқару жүйесінде олқылықтар мен кемшіліктердің бар екенін, әрі бұл әлсіздіктерін басқалардан жасыру үшін осындай қадамға баратынын түсінуге болады», – деді.

Шын мәнісінде де Қытай билігінің елді бақылау камерасының астына ұстап отыруы, адамдардың басқан-тұрғанын аңдып, олардың билікке қауіп-қатерінің бар жоғын қадағалап отыруы биліктің өзіне деген сенімсіздігінен туатын қорқыныш екенін аңғару қиын емес. Қытай мен Ресейдің демократияға қарсы көшбасшылығының астарында, үкіметтің қауқарсыздығы мен әлсіздігі жатыр.

“The Qazaq Times”