U.S. News & World Report журналының есебі бойынша ең үздік елдер рейтингінде Қазақстан 70 орынға жайғасты. Өткен жылмен салыстырғанда елдің деңгейі бір сатыға жоғарылаған.
Рейтинг бойынша бірінші орында әдеттегідей Швейцария тұр. Одан кейінгі орындарға Канада, Германия жайғасқан. Төртінші, бесінші, алтыншы орында Ұлыбритания, Жапония және Швеция тұр. Жетінші орында Аустралия, ал сегізінші орынды АҚШ иемденіп, алғашқы ондықты Франция мен Нидерланды аяқтаған.
Сарапшылар Қазақстанның инновациялық деңгейі мен әлемдік аренадағы ықпалын жоғары бағалаған. Сондай-ақ, елдің әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет екені және көгілдір отын мен минералдардың, металдардың үлкен қоры бар екені назардан тыс қалмаған. Қазақстанның әлсіз жақтары ретінде туризм, халық өмірінің сапасы және бизнес жүргізудегі ашықтық аталған. Бұдан бөлек сарапшылар Қазақстанның тарихи мұрасын 76-шы орынға қойған.
Жалпы ең үздік мемлекет рейтингінде 80 мемлекеттің аты аталған. Рейтингті құру кезінде экономиканың өсу қарқыны, инновация, бизнестегі ашықтық, әлеуметтік сала, халықтың өмір сүру деңгейі, мәдениет, туризм және тарихи мұра сынды тоғыз критерий есепке алынған.