Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Ташкентте қаңтар айының 24-і мен 25-сі аралығында Ташкент-Әндіжан-Ош-Иркештам-Қашқар тас жолын салуға байланысты кездесу өткізеді – деп хабарлайды Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімет бойынша, Ташкент қаласында өтетін үш жақты кездесуге Қытай Халық Республикасының көлік министрлігі, Қырғызстан Республикасының көлік және жол министрлігі мен Өзбекстан Республикасының автокөлік және өзен көлігі агенттігі өкілдері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, үш жақты кездесу қарсаңында халықаралық автомобиль тасымалы бойынша, екі жақты өзбек-қырғыз және өзбек-қытай кездесулерін өткізу жоспарлануда.

Егер аталмыш кездесулер нәтижелі аяқталатын болса, онда Өзбекстан - Қырғызстан - Қытай бағытындағы темір жол торабы әлем бойынша ең биік тау жолы болады. Оның кейбір бөліктері теңіз деңгейінен 4400 метр биіктікте орналасады және жалпы ұзындығы 11 километрден астам туннельдер арқылы өтеді. Болашақта Өзбекстан –Қырғызстан – Қытай бағытындағы темір жол Қазақстан арқылы өтетін Достық – Алатау (Алашанку) темір жол торабы мен Транссібір магистралына бәсекелес болмақ.

“The Qazaq Times”