Бір екі күн бұрын Қазақстанның БАҚ құралдары "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ осы жылдың соңына дейін жекешелендірілуі мүмкін екені туралы хабарлады. Бұған "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәджияқовтың мәлімдемесі себеп. Жалпы Қазақстанда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жекешеленетіні туралы 2015 жылдан бастап айтылып келеді. Себебі сол жылы теңге еркін айналымға жіберіліп, дағдарыс күшейген тұста банк жекешеленетін компаниялар тізіміне енген болатын. Осы сәттен бастап көпшілігінің көкейінде "банктің жекешеленгені дұрыс па, депозит жинақтарымызға не болады?" деген сұрақтар қылаң бергені анық. Екі жыл өткеннен кейін бұл сұрақ осы аптада халық арасында қайта пайда бола бастады.
Дегенмен "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеме жасап, "банк акцияларының тек миноритарлық бөлігі ғана сатылады" деп жоспарланып отырғанын хабарлады.
2018 жылдың 16 қаңтарында Астанада өткен үкімет отырысы барысында Ләззат Ибрагимова: "Мемлекет басшысы өз жолдауында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімділігін ерекше атап өткен болатын. Бұл жүйе халықтың үлкен бөлігі үшін баспананы қолжетімді етіп отыр. Қазіргі кезде банк іздестіріп жатқан стратегиялық серіктес осы бағыттағы жұмысты жақсартуға көмектеседі. Мұндай ұйым ретінде біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ары қарайғы сапалы дамуын қамтамасыз ететін, халықаралық тәжірибесі бар, осы салада маманданған, тұрақты қаржы институтын көріп отырмыз. Бұл мәміледен бірінші кезекте біздің клиенттер ұтады, себебі олар технологиялық тұрғыдан дамыған қызметті алып, ең тиімді деген өнімдерді пайдаланатын болады, - деп түсіндірді.
Жалпы аталған банк туралы шетелдік халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағасы әртүрлі. Мысалы Fitch рейтинг агенттігі банктің деңгейін BBB- немесе "Қалыпты" деп бағаласа, Moody’s Baa3 немесе "жағымсыз" деп көрсеткен.
Ал 2017 жылдың 31 желтоқсандағы есебі бойынша банктің ақша қаражаты (аудиттен өтпеген) 62 млн 700 мың 038 теңгені құраған. Клиенттердің кредиттері мен аванстары - 158 млн 421 мың 169 теңге. Клиенттер қаражаттары 526 млн 795 мың 764 теңгені құраған. Салымдар санына келер болсақ, 2017 жылдың қыркүйегіндегі ақпарат бойынша миллионға жуықтаған. Сондай-ақ, салық салғанға дейінгі пайдасы 27 млн 228 мың 701 теңге, пайда салығы бойынша шығыстары 1 млн 566 мың 300 теңгені құрайды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізі тұрғын үй құрылысы саласындағы ірі мемлекеттік бағдарламалар операторы ретінде белгілі. "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" сынды бағдарламалар да ТҰҚЖБ арқылы жүзеге асып келеді. Мысалы өткен жылы осы бағдарламалармен банк арқылы 8 672 пәтерден тұратын 145 үй пайдалануға берілген.
Міне, халықты осылай баспанамен қамтуды қолға алып отырған банктің жекешеленуі мүмкін екені сол банкте салымы бар немесе ипотекаға үй алғандарды алаңдатпай қоймағаны анық. Өйткені банк өзгенің қолына өтсе, халықтың жайлы баспана үшін жинап тергені мен ипотека арқылы әне-міне қол жеткізім деп отырған үйі "көзден бұлбұлдай ұшпасына" кім кепіл?! Мемлекеттің өзі халыққа тиесілі кейбір қаржыға әрең ие болып отырғанда сырттан келген адамға сенім болмауы мүмкін ғой?! Ал сарапшылар пікірі қандай?
«Қаржылық еркіндік» қамқоршылық кеңесінің басшысы Ботагөз Жұманова банктің жекешеленуі дұрыс деп есептейді. "Банкті жекешелендіру дұрыс қадам деп есептеймін. Әйтпесе мемлекеттік банк ипотекалық өнім бойынша жеке нарықпен бәсекелес болыр отыр. Экономиканың барлық саласында мұндай кемшілік бар. Бастысы инвестор шетелдік және тұрғын үй жинақ саласында тәжірибесі болу керек, бұл кредиттеуді дамытуға үлкен үлес қосады. Әрі ол банкте тәжірибе мен жаңа технологиялар және бедел қалыптастыра алады", - дейді ол.
Ал экономист Мақсат Халық банкті жекешелендіруде "мемлекет үлесінің сақталуы маңызды" дегенді айтады. "Негізгі акция пакеті мемлекеттің үлесінде болады, сондықтан менің ойымша онда қорқыныш жоқ. Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін 20%-дық сыйақы маңызды, себебі банктің өзінікі 2% ғана, сондықтан мемлекеттің үлесі басым болуы мүмкін. Халыққа ипотакалық несие беру жағынан да пайызы салыстырмалы түрде ең азы осы банкте, сондықтан мемлекеттің үлесінің сақталуы маңызды деп ойлаймын", - дейді ол.
Не де болса бұл осы жылдың күзінде шешілетін жағдай. Мүмкін банк жекешеленбейтін де шығар. Өйткені кейде мемлекетте айтқаны бір басқа, істегені мүлдем басқа дүниелер болып жатады. Бастысы жекешеленген күннің өзінде қарапайым халықтың ызасын тудырып алмай, сарапшылар айтқандай беделін арттырса болғаны.