2018 жылы Қазақстан Паспорт индексінде екі сатыға көтеріліп, 65 орынға тұрақтады. Яғни осы рейтинг есебі бойынша қазақстандықтар визасыз 71 елге баруға мүмкіндік алып отыр.

Henley&Partners компаниясы таратқан ақпарат бойынша Қазақстан Беларусь пен Оман елдерімен бір орында тұр. Бір қызығы өткен жылы да Қазақстанның визасыз 71 елге баруға мүмкіндігі болған. Бірақ ол кезде мемлекет 67 орында тұрған.

Паспорт индексінде Қазақстанмен көршілес Ресей - 48, Әзербайжан - 72, Өзбекстан - 85 орында тұр.

Аталған рейтингте  визасыз баруға болатын елдер тізімінің көрсеткіші бойынша Германия соңғы бес жылдан бері бірінші орында тұр. Яғни аталған елдің азаматтары визасыз 177 елге еркін саяхаттай алады. Екінші орында Сингапур. Бұл елде тұратын азаматтардың 176 елге визасыз баруға мүмкіндігі бар. Ал үшінші орынды Ұлыбритания, Дания, Италия, Норвегия, Финляндия, Франция, Швеция, Жапония бөліскен. Аталған елдің азаматтары 175 елді визасыз-ақ көре алады.

Ал ең соңғы орында тұрған ел - Ауғанстан. Бұл ел азаматтары үшін визасыз тек 24 елдің есігі ашық.

Компанияның мәліметінше, виза талаптары мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы мәртебесіне объективті түрде әсер етеді. Виза шектеулерінің болмауы әртүрлі юрисдикцияларда бизнесті тиімді жүргізуге, халықаралық байланыстарды сақтауға, жаһандық инвестиция мүмкіндіктерін пайдалануға және еркін саяхаттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қазақстандықтар визасыз бара алатын елдер мыналар:

Бұрынғы КСРО елдері: Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия ,Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина.

Еуропа елдері: Албания, Македония, Сербия, Черногория.

Кариб теңізі елдері: Антигуа және Барбуда, Барбадос, Гаити, Доминика, Сент-Винсент және Гренадина.

Оңтүстік Америка елдері: Аргентина, Бразилия, Куба, Колумбия, Колумбия, Эквадор.

Азия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері: Гонконг, Индонезия, Малайзия, Мальдива, Моңғолия, Түркия, Филиппин, Оңтүстік Корея, Хайнань аралы.

Тынық мұхиты аралдары: Микронезия, Ниуэ, Самоа, Кука аралы

Африка елдері: Намибия, Сейшел аралдары, Тунис.

Сондай-ақ, қазақстандықтар үшін виза алу тәртібі жеңілдетілген елдер мыналар: Боливия, Бурунди, Шығыс Тимор, Вьетнам, Гвинея-Бисау, Гренада, Джибути, Доминика Республикасы, Мысыр, Замбия, Кабо-Верде, Иордания, Камбоджа, Кения, Комор аралдары, Лаос, Маврикий, Ливан, Мадагаскар, Макао, Макао, Мали, Мозамбик, Непал, Никарагуа, Палау, Сингапур, Сомали, Тайланд, Того, Тувалу, Уганда, Шри-Ланка, Ямайка.

“The Qazaq Times”