Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров кеше Мәскеу қаласында өткен "Россия – страна возможностей" атты форумда Қазақстанның АҚШ азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізу туралы шешіміне пікір білдірген. Оның сөзінше, бұл үшін де Еуразиялық экономикалық одақпен келісім жасау керек.
Форумға Қазақстаннан барған қатысушылардың бірі Сергей Лавровтан "Қазақстанның АҚШ азаматтары үшін визазыз тәртіп енгізуі қазақстан-ресей қарым-қатынасына қалай әсер ететінін" сұраған.
"Шыны керек, мен мұны білмейді екенмін, алдап тұрған жоқпын. Мен ертең Астанада боламын, әріптесім Қайратпен сөйлесемін (Қайрат Әбдірахманов - ред). Өйткені Еуразиялық экономикалық одақта да визасыз тәртіп ұстанымы бар болғандықтан, одақ аясында қандай да бір келісім жасау қажет болады", - деп жауап берген Лавров.
Айта кетейік, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың қаңтарында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен еді. Екі ел басшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестік туралы мәселелерді талқылады. Қазақстан президенті АҚШ қазақстандықтар үшін визасыз режим енгізетініне сенім білдірген.
"Қазақстан америкалық азаматтарға арнап, визасыз режим жариялады. Біз бұған жауап болады деп үміттенеміз", - деген еді Назарбаев.
Айта кетейік, бұл Ресейдің Қазақстанның ісіне араласуы мүмкін екенін білдіреді. ЕАЭО-ны алға тартып, Ресей өз талабын қоюы да ғажап емес.