2017 жылдың 30 желтоқсанындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 47 111 көлік қайта өңдеуге тапсырылған. Ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы аясында (көлік бөлшектері толық болса 150 мың теңге, толық болмаса 48 мың теңге өтемақы төлеу қарасытырылған) 2016 жылдың 21 қарашасы мен 2017 жылдың 30 желтоқсан аралығында өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы (ӨКМ операторы) пунктерінде 39 872 көлік жиналған. Көлікті тапсырғандарға төленген ақшалай өтемақы көлемі 5,98 млрд теңге болған. Бұл туралы ӨКМ операторының баспасөз қызметі хабарлады.
Ал ескі көліктерді жинаудың екінші кезеңі жаңа көліктерді сатып алу үшін жеңілдік сертификаттарын беретін бағдарламамен жалғасты. Аталған қайта өңдеу бағдарламасы 2017 жылдың 26 маусымынан бастап қолға алынған. Бағдарлама шартына сәйкес, қайта өңдеуге ескі жеңіл көліктер мен жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған транспорттар қабылданады. Тапсырылған көліктің орнына Қазақстанда құрастырылған экологиялық таза жаңа көлікті сатып алуға жеңілдік сертификаты беріледі.
Сонымен өткен жылдың 26 маусымы мен 30 желтоқсан аралығында 7 239 жеңілдік сертификаты берілген. Оның ішінде 5213 сертификат пайдаланылып, иелері отандық жаңа көліктер сатып алған.
Сертификат үшін ескі көліктерін тапсырғандардың көбі Шымкент тұрғындары. Бұл өңірде сертификат бағдарламасы аясында 1 216 көлік тапсырылған. Одан кейін Қостанайдан 971 көлік қабылданған. Үшінші орында Алматы - 867 ескі көлік жеңілдік сертификатына айырбасталған.
Тапсырылған көліктердің ішінде ең танымал көлік маркалары: ВАЗ-2105, ВАЗ-2106, ВАЗ-2101, ГАЗ-3110, «Москвич-2140» және «Мазда 626». Жасы ең үлкені 1942 жылы шыққан «Москвич» көлігі.