2017 жыл Қазақстан халқы үшін жаңалыққа толы жол болды. Президенттің «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласынан бастап, "ЭКСПО" көрмесіне дейінгі аралық жыл бойы мемлкеттік БАҚ беттерінен түскен жоқ. Оған әркім, әрқалай баға берді. Біз де осы бір жылда елімізде болған елеулі оқиғаларды қорытындылау мақсатында белгілі журналист, қоғам қайраткері Жанболат Мамаймен сұхбаттасқан едік.
- Сот шешімімен «Трибуна» Саяси Қалам газеті жабылған, журналистикадан үш жылға аластатылған Жанболат Мамай қазір немен айналысып жүр?
- Біршама уақытты денсаулығымды қалпына келтіруге жұмсадым. 7 ай абақтыда отырдым, түрменің жағдайы мәз емес екені түсінікті. Қараша айынан бастап «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорында қызмет атқарып жүрмін. Бұл – адам құқығын қорғайтын, халықаралық құқық қорғаушылармен жұмыс жасайтын беделді ұйым. Сот процестерін бақылап, соған байланысты есептер дайындаймын. Одан бөлек – ұлттық, рухани бағыттағы ағартушылық жобамен де айналысып жатырмын. Жақын уақытта оны көпшілікке көрсетіп, таныстырармын. Қол қусырып отыра алмаймын. Шамам келгенше, ұлттық мүддені қорғайтын мәселелерді көтеремін.
- Биылғы жыл сізге, жалпы қазақ журналистикасына ауыр жылдардың бірі болды. Журналистер Одағының басшысы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев бес жылға сотталды. Бірақ бір қызығы билік сізге және Сейтқазы Матаевқа бұрын соңды болмаған "жұмсақтық" танытты. Бұл халықаралық ұйымдардың араласуының нәтижесі ме, жоқ әлде оның өзге де себептері бар ма?
- Сейітқазы Матаевқа билік жұмсақтық танытты деп айта алмаймын. Оның өзінде, ұлын – Әсетті де түрме жазасына кесті. Онымен қоса, барлық дүние мүлкін тәркіледі, барын тартып алды. Оның қай жері «жұмсақтық»? Ал заң жүзінде, оны бұдан бірнеше ай бұрын босатуы тиіс еді. Ары қарай түрмеде ұстап отыруға негіз болған жоқ, сол себепті босатты. Менің мәселеме қатысты да, «жұмсақтық» болды деп айта алмаймын. Ешқандай негізсіз, қылмысым дәлелденбей тұрып, мені 7 ай абақтыға қамады. Көпшілік СИЗО-ны, яғни түрмені «зонадан» жеңіл деп ойлауы мүмкін. Ал негізінен бұлай емес. Бұрын СИЗО-да отырған бір күнді екі күнге санайтын. Себебі, түрмеде отыру ауыр - тар қапас, ешқайда кете алмайсың, кітап оқудан басқа айналысатын іс жоқ деуге болады. Ал «зонада» ең құрығанда жұмыс жасауға, еңбек етуге, басқа адамдармен араласуға мүмкіндік бар. Сондықтан, 7 ай түрмеде отыруды «жұмсақтық» деп айта алмаспын. Ал неге түрме жазасына кеспеді деген сауалыңызды түсіндім. Меніңше, билік ойланды – ешқандай дәлелсіз, қылмыс жасамаған журналисті түрме жазасына кесу халықаралық ұйымдардың қатаң сынына ұшырайды және елдегі азаматтардың наразылығын туғызатын еді. Әлемдегі беделді, белгілі ұйымдардың барлығы менің ісіме қатысты мәлімдеме жасады, дереу түрмеден босатуды талап етті. Осының барлығы әсер еткен болса керек. Журналист пен дін адамын отырғызу қандай да авторитарлы билік үшін оңай емес. Отырғызуын – отырғызар, бірақ артынан инвестиция алу қиындайды, шетел делегацияларының алдында ақталуға тура келеді. Менің ісім – таза саяси іс болды. Әрі мені саяси көзқарасым, журналистік позициям үшін қудалағаны ешкімге құпия болған жоқ. Сондықтан, қолдау сөзін айтпаған, қорғамаған беделді ұйым мен адам қалмады. Қоғамдық пікір, халықаралық ұйымдардың қысымы мені бірнеше жылға түрмеге отырғызбауға себеп болды. Егер осынша қолдау мен қорғау болмағанда, қазір Алматы түбіндегі лагерьде отырар едім. «Қылмыс» жасағандықтан емес, тәуелсіз көзқарасымды сақтағаным үшін. «Жұмсақтық» бойынша тағы айтатын бір мәселе. Мені экономикалық қылмыс жасады деп айыптаса да, журналистік қызметтен аластады. 3 жылға. Аз уақыт емес. Кәсібімнен айырды. Оның үстіне, пробациялық бақылауда тұрмын. Мұның бәрі оңай емес.
- Тауық жыл Қазақстан үшін өте маңызды жыл болды. Себебі Алаш орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Сіздің ойыңызша, қазақ билігі айтулы датаны қаншалықты деңгейде атап өтті?
- Алаш мәселесін қазір зерттеп жүрмін. Өткен ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің қазақ ұлтынан шығуы – біздің елімізде ерекше пассионарлық жарылыстың болғанын көрсетеді. Қазан төңкерісіне дейін қазақтың саны 6 миллион болды. Қазіргі сияқты интернет, білім мен ғылымның заманы емес еді. Шетелден білім алып, Еуропаны көріп жатқан адам жоқ. Сондай елдің ішінен Әлихан Бөкейханның, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтердің, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқа да қайраткерлердің шығуы ғажап құбылыс! Көтерген идеялары қандай болды! Демократиялық, либералды жолды таңдады. Жапония сияқты Мэйдзи Реставрациясына ұқсас бағдарламаны ұсынды. Жапондар сияқты озық, дамыған ел құрамыз деді. «Большевиктердің жолымен жүрмейміз, оны қолдамаймыз»,- деді. Сол кезде Алаш қайраткерлерінің арманы орындалып, тәуелсіздікке қол жеткенде, қазір мүлдем басқа елде тұрар едік...Ал енді сол датаны бүгінгі билік жоғары деңгейде атап өтті дей алмаймын. «Атап өту» деген ат шаптырып, той жасау емес. Алаш қайраткерлерінің саяси, мәдени, тарихи мұрасын зерттеу. Соны талқылау. Қазан төңкерісінің 100 жылдығына Ресейде бірнеше жақсы фильмдер шықты, қаншама кітаптар жазылды. Парвус деген алаяқтың, Троцкий рөлі туралы айтылды. Михаил Зыгарь жақсы кітап жазды. Орыстар өзінің тарихын зерттеп, төңкеріске баға беріп жатыр. Ал біз Алаш автономиясының 100 жылдығына байланысты не істедік? Семейде Әлихан Бөкейханға ескерткіш ашты. Ал енді сол кісінің рөлі туралы кеңінен зерттелді ме? Тұрсын Жұртбайдың жақсы еңбегі жарыққа шықты Алаш туралы. Бір есте қалатыны сол ғана. Бірде бір сапалы, жақсы фильм түсірілген жоқ. Мемлекеттік деңгейде бағдарлама қабылданып, Алаш қайраткерлерінің ісіне баға берілген жоқ. Тіпті тәуелсіздік күнін атап өткенде бірде бір шенеунік Алаш автономиясын ауызға алмады. Барлық тарих 1991 жылдан басталатын сияқты етеді. Ал шын мәнінде тәуелсіздік үшін күрес 1917 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Соны мойындаған, айтқан билікті мен көрмедім.
- 2017 жылдың тағы бір айтулы оқиғаларының бірі президентіміздің «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласының жариялануы болды. Қалай ойлайсыз, Қазақстанның қазіргі жағдайында рухани жаңғыруға бола ма?
- Жемқорлықты зерттейтін халықаралық ұйымдардың есебін қараңыз. Бірқатар Африка елдерімен қатар Қазақстан алғашқы ондықтан «ойып тұрып» орын алады. Шенеуніктері ұрлыққа батқан ел қалай рухани жаңғырады? Біздің елде осы сияқты жобаларды билік жиі жиі ойлап табады. Ондағы мақсат – елдегі мемлекеттік емес ұйымдарға, танымал қоғам қайраткерлеріне тендер арқылы ақша үлестіріп, билікті мақтатып қою. Осы «рухани жаңғыруды» мадақтап, ел-елді араламаған кім қалды өзі? Тіпті өзін «оппозициялық» бағыттағы қайраткермін деп жүргендер «рухани жаңғырудың» астауынан ас ішіп жүр. Бұл бағдарламадан не өзгеріс болады? Оның барлығын азаматтық қоғам өкілдері ондаған жыл бұрын айтып қойған. Мысалы, қазақ тілін латынға көшіруді ұлтшылдар неше жылдан бері айтып келе жатыр. Бұрын бұған билік міз бақпады. Әлемдегі, Ресейдегі жағдайға байланысты латынға көшуді көтерді. Қазақ тілінің латынға көшуі дұрыс, бұл – орыс әлемінен кету, өркениетті Батыс елдеріне жақындау, ғылым мен білімге жасалған қадам. Бірақ, қазақ тілінің әліпбиін билік бекіткен «апострофтармен» қалдыруға болмайды. Жан-жақты ойланып, беделді филолог мамандарды жұмылдырып, сапалы әліпбиді жасау керек. Түркияның әліпбиін қарау керек. Әзірбайжандікі бар. Зерттеп, асықпай көшіру керек. Ал жалпы, елде саяси реформалар жүргізілмей, позитивті өзгерістер болмай, «рухани жаңғыру» мүмкін деп ойламаймын.
- Көптеген адамдар «Ақорда рухани жаңғыру бағдарламасын 90-шы жылдары қабылдау керек еді» деген пікір айтуда. Билік ұлттық сананы оятуда кешігіп қалған жоқ па?
- Ұлттық сананы билік оятпайды. Халықтың ұлттық санасы онсыз да оянып келе жатыр. Бұған демографиялық жағдай да әсер етеді. Қазақтың үлес салмағы артты, қазақ тілінде сөйлейтін жастар көп. Бұл жайтты да ескеру керек. Ал ұлттық сананы жаңғыртуға байланысты, жасалмаған нәрсе көп. Өткен тарихымыз әлі дұрыс зерттелген жоқ. Қазақтың 20 ғасырда бастан кешкенін әлемдегі санаулы ұлт қана өткерді. Бір ғасырда қаншама нәубетті көрдік. 1921-22, 1931-32 жылдар мысалы. 10 жылдың ішінде 4 миллионға жуық халық қырылды! Бұл геноцид емес пе? Соған тарихи баға берілген жоқ әлі. 25 мың адам репрессия кезінде атылды. Ұлтымыздың беткеұстар азаматтарынан түгелдей айрылдық. Большевиктер ұлттық генофондымызға аяусыз соққы жасады. Екінші дүниежүзілік соғыстан қанша зардап шектік. Осының бәрін зерттеп, зерделеп, мемлекеттік деңгейде саяси баға берілмеді. Украина Ашаршылықты ұлтқа қарсы геноцид деп қабылдап, арнайы заң қабылдады. Біз неге олай жасамаймыз? Ал қазіргі кезді алайық. Қаншама шешілмеген проблема бар. Бар байлығымызды сатып біттік. Жерді сатамыз деп, халықтың қаһарынан қорқып қана заңды кері қайтарды. Ақпараттық тәуелсіздік мәселесі де шешілмеді. Әлі күнге Ресей телеарналарының ықпалында халық. Сөз бостандығы, рухани азаттық жоқ. Рухани жаңғыру үшін адам азат, тәуелсіз болу керек. Неге технологиялық төңкеріс АҚШ-та болып жатыр? Гугл, Фейсбук, Амазон, Тесла сияқты технологиялық алыптар неге Америкада пайда болды? Себебі, азаттық бар ол елде. Қытайда ондай технологияның бірі пайда болған жоқ. Олардікі – тек көшірме, әзірге бір де бір атақты қытай бренді жоқ. Оңтүстік Кореяның өзінде Самсунг, Хюиндай, Киа сияқты атақты брендтер өмірге келді. Бұл ел бар жоғы 25 жылда әлемнің озық еліне айналды. Қалай? Саяси реформалар жүргізді, институционалды өзгерістерге барды. Рухани жаңғыру деп осыны айту керек! 1868 жылы Жапонияда Мэйдзи Реставрациясы жүрді. Бұл ел бар жоғы 30 жылда Азиядағы ең мықты елге айналып шыға келді. Өздеріңіз білесіз, 1904-05 жылғы соғыста Ресейді тас талқан етті. Міне, бұл рухани жаңғыру. Ал біздің рухани жаңғыру деген не? Көпірме сөз бе? Бітпейтін форум, жиналыстар ма? Мұны жаңғыру деп айта алмаймын. Кезекті биліктің ұраны.
- Рухани жаңғыру дейміз, латын әліпбиіне көшу дейміз барлығы бір қарағанға жап-жақсы бастамалар. Бірақ билік осының барлығын тағы да науқаншылдыққа айналдырып жіберген жоқ па?
- Бізде барлығы – той, конференция, жиын. Дұрыс айтасыз, науқаншылдық. Егер білім мен ғылымды дамытса, соған инвестиция салса – рухани жаңғыру деген сол. Бір қаланың емес, бүкіл елдің инфрақұрылымын дамытса – рухани жаңғыру деген сол. Саяси реформалар жүргізіп, ой, сөз, пікір еркіндігін берсе – рухани жаңғыру деген сол. Демократиялық, либералды өзгерістер жасаса – рухани жаңғыру деген, міне осы. Әлі күнге дейін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отырған елде қандай рухани жаңғыру?
- Жалпы ресми Ақордамыз сыртқы саясатта халықарлық мінберлерден ғаламдық мәселелерді айтуды жақсы көретіні белгілі. Биыл да одан айналып өткен жоқ. Астанада Сүриядағы соғысушы тараптарды татуластырдық, ЭКСПО көрмесін өткіздік. Бұл «айдағаным бес ешкі ысқырығым жер жарадының» кебі емес пе?
- Ол таза имидждік жобалар. Астанада Сүриядан келген қарулы топтарды жинағаннан түк өзгермейді. Бұл жиынның артында Ресей мен Түркия тұрғаны анық. Саяси ұпай жинау, Сүриядағы жағдайға ықпал етудің амалы. Ал одан түк шықпағанын АҚШ Мемлекеттік департаменті де айтты. Көп жиынның бірі. Өзіміздің проблема шаш етектен, толып жатыр. Соны шешудің орнына Сүрия мәселесін көтерудің не қажеті бар еді? ЭКСПО да сол. 5 жылда бір өткізілетін негізгі көрменің арасында жыл сайын өтетін жиын болды Астанада. Негізгі ЭКСПО емес бұл. Орысша айтқанда «промежуточный». Ал соған қанша қаржы жұмсады? 3-5 миллиард долларды шашты. Қаншамасы ұрланды, офшорларға кетті. Жалпы, мұндай жиындарды өткізу билікке тиімді. Жемқорлықпен айналысуға, қаржыны жымқыруға таптырмас құрал. ЭКСПО да сол. Азиада да солай еді.
- Биыл Қазақстанда өзге жылдармен салыстырғанда аспаннан медаль мен атақ жауған жыл болды. «100 жаңа есім», «100 Алаш ізбасары», «Еңбек ері» сияқты төс белгілерді оңды солды тараттық. Осының барлығының не қажеті бар?
- Қазір кім көрінген медаль тағайындап, тарата беретін болды ғой. 100 жаңа есімді қарап шықтым, мысалы. Адам танымайтын кісілер жүр. Оларды қайдан алған? Шын мәнінде еңбегі сіңген тұлғалар аз ол тізімде. Мұндай нәрселердің еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Кімнің елге қандай еңбегі сіңгенін халық біледі. Қазір ақпарат заманы. Ондай кезде мұндай жобалардың еш қажеті жоқ.
- Алдағы жылдан не күтесіз және Қазақстанда қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?
- Келесі жыл да Қазақстан үшін оңай болмайды. Батпаққа белшемізден баттық. Содан шығамыз ба, әлде ары қарай бата береміз бе – бәрі өз қолымызда. Әлемдегі жағдай да қазір жақсы емес. Ресейдің саясатын көріп отырсыз. Әрине, бұл жағдайдың барлығы бізге де әсер етеді. Бұдан шығатын жалғыз жол – саяси реформалар керек. Бірақ, оған біздің билік бармайды. Сондықтан, келер жылы айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламаймын. Әрине, аяқ астынан, күтпеген жерден түрлі жағдайлар орын алмаса. Ең негізгі, басты мақсат – тәуелсіздікті сақтау. Осы жағын мықтап ойлануымыз тиіс.
Жаңа жылда елімізге де, әрбір азаматымыздың отбасына да тек жақсылықтар тілеймін. Бүгін рухани жаңғыру туралы аз айтқан жоқпыз. Нағыз жаңғыратын, жаңаратын кездер келсін деп тілейік!
- Сұхбатыңызға рахмет!