Трамп Құрама Штаттың президенті болғалы бері «Америка – көшбасшы» саясатын жолға қойып, АҚШ-тың экономика, қауіпсіздік және басқа да жақтардағы лидерлік орнын бекемдеуге тырысып келеді. Трамп кеше АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі бойынша стратегияны жария етті. Онда АҚШ сөз жоқ мықты болуы керек, олай болмаса Ресей мен Қытай Құрама Штаттың әлсіздігінен пайдаланып кетеді» деген пікірлер де айтылды. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлаған еді.
Трамптың айтуынша, Қытай мен Ресей «ревизионистік» режимдер, олар АҚШ-тың мақсат міндеттеріне қарсы келеді. Ол сөзінде Қытайдың әлемдік саудадағы амбициясына қарсы жоспарлар жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті. Десе де, Ресеймен ынтымақтасу немесе қарсы тұру туралы көп тоқталмаған. Тек, Петербордағы жарылыс жоспарлаған қылмыстық топты табуға көмектескеніне рахмет айтып, Путиннің арнайы қоңырау шалғанына ризашылық білдірген.
Әскери қуат пен экономикада әлем алдында көш бастаған АҚШ үшін көшбасшылық орын сақтап тұру аса маңызды. АҚШ-тан кейін армия қуаты жағынан Ресей, экономика қуатынан Қытай келе жатыр. Ресей армиясын жыл сайын кеңейтіп, Еуропа елдерімен шекаралас аумақта және Орта Шығыстағы әскери қадамдарын жиілете түсуде. НАТО-ның жолын тосып, Еуропа елдерін көлемді әскери оқу-жаттығулар арқылы қорқытуда. Ресейдің біршама дамыған әскери өнеркәсібі 2030 жылға дейін әскери техникаларын толықтай жаңартуға әрекет етуде.
Қытайдың қуатты экономикасы АҚШ-тан кейін әлемнің екінші үлкен экономикасы деп танылды. Қытайдың экономикалық ықпалының артуы Азияның шығысындағы және Оңтүстік, Оңтүстік Шығысындағы АҚШ ықпалын әлсіретуге әрекет ете бастады. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы әлемнің ең негізгі энергия қоры саналатын елдерден өтеді және белсенді экономикалық аймақтарды тұтастырады. Аталған жоба жүзеге асар болса, бұл АҚШ-тың өңірдегі экономикалық ықпалын барынша төмендетеді.
«Біздің алдымыздағы Американың ықпалына, құндылығына және байлықтарына қызығып отырған бақталас державалар – Ресей мен Қытай», – деді президент Трамп. Ақ үй жариялаған стратегияда Мәскеу мен Бейжіңнің экономикасын еркін әрі ашық етуге, армиясын кеңейтіп, ақпарат пен интернетті бақылауға алуға, сол арқылы қоғамдық пікірді бақылауда ұстап, өзінің ықпалын кеңейтуге мүдделі болып отырғаны туралы айтылған. Сонымен бірге Ресейдің өзінің «Ұлы держава» деген қалыбын қайта тіктеуге, шекарасына жақын аумаққа ықпалын жүргізуге тырысып отырғаны да сөз болған. «Ресей мен Қытай демократияның құндылықтарына шектеу қою мақсатында ақпараттық инструменттерді пайдаланып отыр» делінген аталған стратегияда.
Трамп жаңа ұлттық доктринаға қауіпсіздік туралы төрт тармақты бекемдеген. Айталық, Діни терроризмге қарсы тұру және миграцияны шектеу; Энергетикадағы тәуелсіздік және экономикалық қауіпсіздік; Армияны күшейту және модернизациялау, қауіпсіздік тарауларындағы миллиондаған жұмыс орындар және «күшке бағынған тыныштық»; Құрама Штаттың әлемдегі ықпалын арттыру. Күшке бағынған тыныштық ұстанымын Рим императоры Адриан мен Трамп зор құрметін білдіретін АҚШ-тың Оңтүстік-Солтүстік соғысы кезіндегі президенті Рональд Рейган ұстанған еді. Трамп жаңа стратегияны жариялаған кезінде әдетінше «Америка көшбасшы» сөзін бірнеше рет қайталады.
АҚШ-тың жаңа стратегиясы өзіне Еуропа мен Азияның шығысындағы Ресей мен Қытайдан келетін ғасырлық қауіптердің алдын алуға бағытталса керек. Бұл алдағы уақытта Ресей мен Қытайдың да жаңа стратегиялық қауіпсіздік пен даму жоспарларын түзуіне себеп болуы да мүмкін. Державалар тіресі, лидерлік саясатқа таянған алыптар айқасы әлемдік геосаясатқа да үлкен өзгерістер алып келе жатыр.