Парсы шығанағы елдері Батыс Африкадағы Сахел аймағындағы жихадшылармен күресуге 130 млн еуро бөлетін болды. Бұл туралы Франция Президенті Эмануэль Макрон мен Парсы шығанағы елдерінің басшылары кездескен жиыннан кейін AFP ақпараттық агенттігі жазды.
Сауд Арабиясы 100 млн еуро берсе, Біріккен Араб Әмірліктері қалған 30 млн еуроны өтеуге уәде берді. Қос мемлекет те өзінің терроризмге қарсы күреске белсене атсалысып отырғанын дәлелдеуге ынталы.
Жиналған қаржы G5 Сахел күштерінің қажеттіліктерін өтеу үшін жұмсалады. Бұл Буркино-Фасо, Чад, Мавритания, Мали және Нигер әскери күштерінен құралған жасақ. Өңірдегі терроризмге қарсы күресте кедей мемлекеттерден құралған әскери одаққа қаржының тапшылығы қолбайлау болатын. Енді осы құрамды әскери дайындықтан өткізу, қару-жарақ пен құрал-жабдықтар жеткізу құнын мұнайға бай мемлекеттер өз мойнына алады.
Париждің сыртындағы тарихи қамалдардың бірінде өткен кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Францияның Президенті Эмануэль Макрон: "Күн сайын шабуылдар болып жатыр. Терроризм өңірдегі тұтас мемлекттерге қауіп төндіріп отыр", -деді.
2018 жылдың ортасына қарай 5 мың адамнан тұратын әскери жасақ экстремистерге қарсы жаңа соққылар береді деп жоспарланып отыр. Мақсат - қатары толыққан террористердің көзін жою.Себебі Сүриядағы лаңкестік топтардың жеңілісінен кейін, экстремистердің үлкен ағыны Африка мемлекеттеріндегі Әл-Каиданың өзге құрылымдарына қарай қосылуы мүмкін.